2022-2024 жылдарға арналған бюджет қаралды - Семей
28.12.2021 | 11.19
0
51
Семей қаласы мәслихатының кезекті 20-шы сессиясы өтті. Онда депутаттар Семей қаласы мен ауылдық округтердің 2022-2024 жылдарға арналған бюджетін қарады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Семей қаласы бюджетінің көлемі жоғары тұрған бюджеттерден берілетін трансферттер мен кредиттерді ескерсе, 50 418 299 мың теңгені құрайды, оның ішінде қалалық бюджет – 37 484 996 мың теңге, трансферттер мен кредиттер – 12 933 303 мың теңге.
2022 жылға арналған бюджеттің шығыс бөлігінде инфляция коэффициентін (4-5%) ескере отырып, жалақыны төлеу, коммуналдық қызметтерді төлеу, әлеуметтік төлемдер және басқа да шығыстар толық көлемде қарастырылған.
Бюджеттік қаржыландыру есебінен тұрғын үйлер салу және оларға инженерлік желілер жүргізу, Шығыс кенті мен Шақаман ауылының су құбыры желілерін қайта жаңарту және кеңейту көзделген.
Сонымен қатар, қала жолдарын жөндеу, оң жақ бұрылыстарды орнату, білім беру объектілеріне кіреберіс жолдарды және «Семей-Талица» автожолын жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
14 аула аумағы абаттандырылып, қалалық мал қорымы салынады.
Сондай-ақ, қаланың шет аймақтарын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. 16 балалар, спорт және көпфункционалды алаңдарды орнату жоспарланған.
Қайнар ауылын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады, ауыл жолдарын ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
«Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Мұқыр және Мұрат ауылдарына кіретін жолдар жөнделеді.
Барлық қаржыландыру көздері есебінен әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 6 360 900 мың теңге қарастырылған.
Абыралы ауылдық округінде балалар ойын алаңы салынады. Ақбұлақ, Жиенәлі және Новобаженово ауылдарында көше жарығы орнатылады.
Алғабас ауылында бұрынғы интернат ғимараты жөнделеді. Көкентауда сумен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Талица және Жарқын ауылдарында көшелерді жарықтандыруға ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
Мәслихат депутаттары Семей қаласы мен ауылдық округтердің 2022-2024 жылдарға арналған бюджетін бірауыздан қолдады.
Комментарии (0)