27 жыл сақталған рекорд жаңарды
17.01.2018 | 07.18
0
88
Өскеменде күні кеше ғана басталған жеңіл атлетикадан жабық кешендегі ел біріншілігі мәресіне жетті. Бұл жарысқа қазақстандық жеңілатлеттерден бөлек, Қырғызстанның спортшылары да қатысты.
– Ұзын саны 200-ден астам спортшының басын қосқан біріншіліктің негізгі мақсаты – алдағы Азия чемпионатында өнер көрсететін ұлттық құраманы жасақтау, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.
Естеріңізге салайық, құрлықтық дода 1 мен 3 ақпан аралығында Иран астанасы Тегеранда өтпек.
Биылғы ел біріншілігінде Шығыс Қазақстан облысының намысын 38 спортшы қорғағанын айта кеткен орынды. Біздің спортшылар жарыс қорытындысы бойынша қоржынға жеті медаль түсірді. Оның үшеуі алтын болса, үшеуі күміс, енді бір медаль – қола.
Тағы бір ерекше айта кетер жайт, биылғы додада 27 жыл бойы мұрты бұзылмаған Азия рекорды жаңарды. Қарағандылық Давид Ефремов, ағайынды Вячеслав пен Виталий Земс және Владислав Григорьев төрттігі (4х200 эстафетасы) сонау 1991 жылы Жапонияның Йокогама қаласында тіркелген нәтижені жаңартты. Бұл бәсекеде шығысқазақстандық желаяқтар сегізінші орыннан көрінді. Қыздар арасындағы дәл осындай сайысты біздің арулар екінші болып аяқтады.
Комментарии (0)