Қаржы нарығындағы субъектілердің жұмыс режиміне өзгеріс енгізілді
20.01.2021 | 10.11
0
168
Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен бұйрығына сәйкес қаржы нарығындағы субъектілердің жұмыс режиміне бірқатар өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Ұйымдардың «қызыл», «сары» және «жасыл аймақта» орналасуына қарай қызметкерлер саны бойынша шектеу белгіленеді, – деп жазылған құжатта.
Айта кетейік, бұл бұйрық 19 қаңтарда күшіне еніп қойды.
Өзгерістер қандай ұйымдарға әсер етті?
Еліміздегі екінші деңгейлі банктер түгел, резидент емес банктердің филиалдары, айырбастау пункттері, ипотекалық және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар, төлем ұйымдары және коллекторлық агенттіктер өз қыметкерлерінің жұмыс режимін өзгертті.
– Бұйрықта көрсетілген субъектілер барынша онлайн-режимде қызмет көрсетуі тиіс. «Қызыл аймаққа» өткен өңірлердегі қаржы ұйымдары қызметкерлердің кемінде 60 пайызын қашықтықтан жұмыс істеуге көшіруі тиіс. Өндірістік қажеттілік болған жағдайда бөлімше қызметкерлерінің кемінде 40 пайызы онлайн режимге ауысуы тиіс, – деп түсіндіріп жазды қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Ал «сары» және «жасыл аймаққа» өткен өңірлердегі қаржы ұйымдары қызметкерлердің 50 пайызын, өндірістік қажеттілікке байланысты кемінде 30 пайызын қашықтықтан жұмыс істеу форматына ауыстырды.
Еске салайық, «қызыл аймаққа» Нұр-сұлтан қаласы, Ақмола, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары кірді. «Сары аймақта» – Алматы, Қарағанды, Батыс Қазақстан. Ал «жасыл аймаққа» қалған барлық өңірлер өтті.
Комментарии (0)