Ауылдық әкімдер сайлауының қорытындысы - ШҚО
29.12.2021 | 16.26
0
44
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиевтің айтуынша, сайлау бюллетеньдеріне 304 кандидат енгізілсе, олардың 108 кандидатын саяси партиялар ұсынған.
Мәселен, Nur Otan партиясы – 83, «Ауыл» партиясы – 18 , «Ақ Жол» партиясы – 1, «АDAL» саяси партиясы – 3, Қазақстанның халық партиясы – 2, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 1 кандидат ұсынды. Ал 196-сы өзін-өзі ұсынғандар.
– Осылайша, барлық саяси партиялар сайлауға қатысты. Сонымен қатар кандидаттардың басым бөлігі өзін-өзі ұсынғандар болды, бұл жалпы көрсеткіштің 64 пайызын құрады. Қала-аудан әкімдері ұсынған кандидаттар болған жоқ. Тек Глубокое ауданының Березовское ауылдық округіндегі кандидаттардың барлығы өздерін өзі ұсынды. Облыста ең көп 4 кандидаттан ұсынғандар 3 ауылдық округте тіркелді. Олар: Глубокое ауданының Ушанов ауылдық округі, Катонқарағай ауданының Белқарағай ауылдық округі және Үржар ауданының Мақаншы ауылдық округі, – деді Ерсайын Нәбиев брифингте.
Сайланған әкімдердің сапалық құрамына келсек, сайланған 99 әкімнің 21-і – мемлекеттік қызметшілер, 53-і – қызметтегі әкімдер, 6-уы – коммерциялық сала өкілдері, 13-і бюджеттік ұйымдар қызметкерлері, 1-і –үкіметтік емес ұйым өкілі, 1-і шаруа қожалығының жұмысшысы, 2-і зейнеткер және 3-і уақытша жұмыссыздар қатарынан.
– 99 әкімнің 10-ы – әйел адамдар, бұл сайланғандардың 10%-ын құрайды. Білімі бойынша педагогтар – 29 (29,2%), заңгерлер – 22 (22,2 %), ауыл шаруашылығы мамандары – 17 (17,1%), экономистер – 15 (15,1%), инженерлер – 8 (8,1%) және басқа мамандықтар өкілдері – 8 (8,1%). Орта жас мөлшері – 47 жас. Екі әкім – 29 жасқа дейінгілер. Олар Владимир Молотков – Алтай ауданы, Малеев ауылдық округінің әкімі (28 жаста) және Дархан Төлеуханов – Ұлан ауданы, Айыртау ауылдық округінің әкімі (29 жаста). Жасы ең үлкен екі әкім сайланды, олар 61 жаста. Олар: Советқан Қалиев – Үржар ауданы, Мақаншы ауылдық округі әкімі және Кенжебай Төлегенов – Аягөз ауданы, Баршатас ауылдық округі әкімі, – деді қосымша ақпарат берген облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алқанова.
Комментарии (0)