Бүркітшілер Ұлан ауданында бас қосты
13.12.2021 | 12.07
0
50
Ұлан ауданында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай "30 жұлдызды күн" жобасы аясында «Қансонар» бүркітшілер сайысы өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ертеден келе жатқан дәстүрді ұлықтап, қыранын қолдарына алған 13 бүркітші бұл жолы Бозанбай ауылында бас қосты. Оның ішінде Ұлан ауданынан 6, Үржар ауданынан Тәттімбек Кәпұлы бастаған 7 бүркітші келіп қатысты.
Шараға аудан халқынан бөлек шет ел туристері келіп, қазақ халқының дәстүрлерімен танысып, ерекше қызығушылық білдірді.
- Бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс-шараға облыстың түкпір-түкпірінен бас-аяғы 13 бүркітші келіп отыр. Негізінен өтінім білдірген 20 қатысушы болған. Алайда ауа райы, басқа да себептермен толықтай келе алмады. Қатысушылар бүркітті қолға шақыру, еркін ұшыру, шырғаға салу, қоянға салу сияқты сайыс түрлерімен сынға түседі. Бұл сайыс бізде алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр, - деді Ұлан ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібеков Мейіржан.
Сайыс қортындысы бойынша, Үржар ауданынан келген Ырыздық Қасейін (бүркіттің аты - Көкшегір) бас бәйгені қанжығасына байлады. Екінші орынға үржарлық Нұман Өмірбек (бүркіттің аты - Мұзбалақ) жайғасса, Айтқұрман Қайдар (бүркіттің аты - Ақсұңқар) үшінші орынға ие болды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың атынан мадақтама хаттары табысталып, жүлдегерлерге ұландық азаматтардың демеушілігімен ақшалай сыйақы берілді.

Комментарии (0)