Қырғыз халқының атақты жазушысы Шыңғыс Айтматов «Человек не умирает до тех пор, пока живут знающие его» дегенін біздің ата-бабаларымыздың «Өткендердің өлмей тірі қалуы - тірілердің жиі еске алуы» деп қашан айтып қойғанын бір құдайым білсін.
Бұлай айтуыма себеп, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, құйғандық қаламгер Еркінбек Асқарұлының «Барқытбел баурайындағы Құйған» деген кітабын оқығаннан кейін тіліме оралып отыр.
Қаламгер жалықпай ізденген, архивтерді ақтарған, құйма құлақ қариялардан естігендерін саралаған, соның нәтижесінде Құйғандай ауылдық округі жайында қомақты кітап жазған. Өзінің алғы сөзінде «...мектеп оқушыларына сабақта Тарбағатай таулары, туған жер деп айта бергеннен гөрі соларды жылына бір рет болса да, сол тауға саяхатқа бастап, анау Жылқыкетпестің жотасына шығарып, Ақтасты, Айтаншоқы, Шымырлы жайлауларына апарып, бүлдірген, тошала тергізсе, Үңгірлі, Баттың үңгірі, Таңбалы тас, Қоңырау тас сияқты табиғат тамашаларын көрсетсе, биік құзда мекендейтін ұлар құстың үнін тыңдатса, Көккемерден балық аулатса, әсері мен тағылымы анағұрлым артық болып, бала санасында мәңгі қалар еді» деген жолдарын оқығанда, жалаң аяқ, жарын жағалаған Қарғыба өзенінің бойында өткен жастық шағыма саяхат жасап қайтқандай болдым. Расында да көп сөзден көрген бір сәт артық-ау деп ойладым.
Енді атақты жазушыны неге ауызға алғаныма оралайын. Себебі, туынды «Алқакөл сұламадан» кейінгі жеңістен соң, даңқты бабаларымыздың қасиетті ата-мекендеріне қайта ту тіккендерінен басталып, олардың ерлік жолдары суреттеліп, есімдері аталады. Артық әсірелеу жоқ. «Икс» батырлар жоқ. Бірде бір ағамыздың кітабын оқыдым, Қабанбай бабамыздың үзеңгілес серігі керемет бір батыр болыпты, дарабоз бабамыз өзімен санасып, айтқанына құлақ асады екен. Содан мен ойладым, «сол кездегі ақын-жыраулардың бірінің аузына ілінбеген, бұл қандай батыр» деп. Жөн білетін біреуден сұрасам, сол «икс» батырдың бір ұрпағы облыс көлеміндегі басшылардың бірі екен. Соның мықты болу себебі арғы тегінен екендігін дәлелдеген пошымы. Ал мына еңбекте ата-бабалар тарихы тек нақты деректер арқылы айтылған.
Шежіре таратқанда да жетпіс жеті атасынан бастап, кейбіреулердегідей бүгінгі жетінші сыныпта «отличник» оқитын ұрпағына әкеп тіремейді, «көз-көрім» жерге дейін әкеп, нүктесін қойған. Ары қарай өрбітуді өзіңізге аманаттайды. Кітаптың құндылығы – нақты деректілігінде. Өмірден өткендердің де, көзі тірі естелік айтушылар мен жазып берушілердің де деректерін автор өте ұтымды, ұғынықты пайдаланған. Қайталаулар жоқтың қасы. Бір ырғақпен оқылады.
Комментарии (0)