Биылдан бастап «Бастау Бизнес» барлық ауданда оқытылады
18.01.2018 | 04.16
0
80
Биылдан бастап «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту курсы барлық аудандарда оқытылмақ.
Шәкіртақы төлене отырып оқытылатын бұл курс өткен жылы жеті ауданда ғана өткізілген болатын. Өнімді еңбек және жалпыға бірдей кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында оқытылатын «Бастау Бизнес» курстарына ауыл тұрғындары енді алдағы үш жыл бойы қатысып, жеке кәсіптерін ашуға талпыныс жасауларына болады.
Былтыр өңірде 1313 ауыл тұрғыны «Бастау Бизнес» курсын оқып, 722 сі өз бизнес- жобаларын қорғап, сертификат алып, несиеге алған қаражаттарымен кәсіптерін бастаған.
Облыс кәсіпкерлері палатасының жанындағы аймақтық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская- Әбілова бүгінгі күні ауылда да, қалада да жеке кәсіппен айналысуға үлкен мүмкіндік туғызылып, жағдай жасалып отырғанын айтады. Аудандардағы, облыс орталығындағы кәсіпкерлер палатасы кәсіп көзін тапқандарға салық органдарына тіркелуге, сайт құрып, жобаларды дамытуға, мемлекеттік гранттар алу конкурсына қатысуға көмектесіп жатыр.
-Мысалы, сіз шағын наубайхана ашқыңыз келді делік. Сіз кәсіпкерлер палатасына келіп ондағы кеңесшілердің көмегімен тегін сайт аша аласыз. Кеңесшілер сіздің нан-тоқаштарыңызды суретке түсіріп, бағасын жазып, сіздің шағын наубайханаңыз туралы барлық ақпаратты осы сайтқа енгізіп береді. Бұның бәрі тегін. Кәсіпкер тек сайт ащып қана қоймай, кеңесшілердің көмегімен өз өнімдерін сататын интернет-дүкен де ашуына болады, -дейді кеңес төрайымы.
Облыстың аудан орталықтары мен қалаларында кәсіпкерлікпен айналысам деген тұрғындарға, кәсіпкерлерге кеңес беретін 19 кәсіпкерлікті қолдау орталығы бар. Өскемен мен Семейде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр.
Аудандардағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтарындағы кеңесші менеджерлер 2017 жылы 30 756 тұрғынға кеңес берген. Менеджерлердің көмегімен жасалған 2 556 жобаның 1542 -сі немесе 60 пайызы іске асып, тұрғындар сол жобалар бойынша жеке кәсіптерін ашқан.
Орталықтарда іске асырылып жатқан «Бизнес -Кеңесші» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыған 1360 тұрғынның 230 -ы өз бизнестерін бастап, 205 -і несие алған. Сонымен бірге өткен жылы 150 кәсіпкер «Бизнес-Өсу» жобасы бойынша оқып-тоқып, білімдерін көтерген. Биыл аймақтық іскер әйелдер кеңесі кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып «Авангард плюс» жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы бойынша облыс кәсіпкерлеріне өз кәсіптерін дамытудың қыр -сырын үйретуде. Жыл басынан бері 43 кәсіпкер осы жобаға қатысқан.
«Егер сенде ақша аз болса, кәсіп жаса. Егер мүлдем қаражат жоқ болса – дереу жаса, дәл қазір!» депті әлемдегі ең атақты бай адамдардың бірі Джон Рокфеллер өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып. Қазіргі күні үйде отырып киім тігу, интернет дүкенмен сауда жасау, бала күтуші немесе репетитор болу, көлік, пәтер жөндеу, аударма жасап, студенттерге дипломдық, курстық жұмыстар жазу, үй тағамдарын жасап сату сияқты кәсіптермен де айналысуға болады.
Комментарии (0)