Өскемендік оқырмандар "Көкдауылмен" танысты
08.04.2022 | 10.24
0
85
Облыс орталығындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасында жуықта жарық көрген екі томдық «Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние» кітаптарының таныстырылымы болды. Қос еңбектің авторы – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын, журналист Серік Құсанбаев.
Бұл кітаптарға қаламгердің әр жылдары түрлі тақырыптарға қалам тербеген ой-толғамдары, ел азаматтарымен жүргізген сұхбаттары, қоғамдағы өзекті мәселелерге арналған мақалалары мен естеліктері енген.
Кешке С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері, БАҚ өкілдері, қаламгердің қанаттас достары мен әріптестері шақырылды.
Шара барысында автордың прозалық шығармасынан үзінділер және «Байғыз» атты тұңғыш жыр жинағына енген өлеңдері оқылды. Сондай-ақ Тарбағатайдың талантты түлегі, белгілі айтыскер ақын, көрнекті өнерпаз Абаш Кәкенов пен Серік Сәдуақасұлының екі қайырым айтысы да шара қатысушыларының көңілінен шықты. Автор ең үздік сұрақ қойған оқырмандарға қолтаңбасымен кітабын табыстады.
Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, жазушы Әлібек Қалиұлы, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Мерей Қайнарұлы, «Айқын» газетінің тілшісі Азамат Қасымдар «Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние» кітаптары туралы пікірлерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Өлкеміздегі қаламгерлердің өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі ететін шаралардың жиі өткізілуі жастардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттырары сөзсіз.
Комментарии (0)