Даниал Ахметов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді
05.08.2021 | 17.18
0
90
Данил Ахметов облыстық мәслихаттың кезекті VII сессиясында депутаттарға аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Бүгінгі таңда маңызды мәселелердің бірі – елдегі эпидемиологиялық ахуал екені бәріңізге аян. Коронавирусқа қатысты жағдайды тұрақты бақылап отырғанымызбен, әлі де күрделі. Облыс қазір «қызыл» аймақта тұр. Індеттің жаңа толқынын тежеу үшін облыстың қос қаласында демалыс күндері қоғамдық көліктің қозғалысын шектейміз. Мұндай шараға амалсыз барып отырмыз. Короновирус инфекциясын жұқтырғандардың 41%-ы Семейде, 34%-ы Өскеменде тіркелген. Барлық тамақтану орындарының жұмысы қатаң бақылауда болады. Бизнеске жасалған жеңілдік шектеулер мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамау дегенді білдірмейді. Сондықтан, кәсіпкерлер де өз нысандарын қадағалаулары керек. Жалпы облыс бойынша 39 инфекциялық стационар жұмыс істеп жатыр. Біз тағы 8100 төсек-орын әзірлеуге дайынбыз. Вакциналау жұмысы жоспар бойынша жүріп жатыр. Екі компонентті де 325 мың адам алса, бірінші компонетті алғандар 400 мыңнан асты, – деді аймақ басшысы.
Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, жоспарлы түрде тиімділігі жоғары медициналық қызмет көрсететіндей жетістікке жету жоспарда бар. Семейде балаларды оңалту орталығының құрылысы басталды. Өскеменде гематологиялық орталықтың құрылысы жүріп жатыр, онда мамандар қан ауруларын емдеп қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргізетін болады.
– Білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Мәселен, биыл үш жаңа мектеп салынып жатыр, оның екеуі Семей қаласында. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында кәсіптік білім алатын студенттерді тәжірибеден өткізетін 10 орталық құрылады. Яғни, студенттер теориялық біліммен қатар тәжірибелерін де жетілдіріп, еңбекпен шыңдалады. Студенттер осы арқылы оқуды аяқтағаннан кейін бірден кәсіпорындарға жұмысқа орналаса алатын болады. Қазір студенттерге арналған жеті жатақхана салынып жатыр, – деді Даниал Ахметов.
Комментарии (0)