«Didar» газеті – 90 жаста!
28.10.2021 | 17.31
0
423
Шығыс өңірінің бас басылымы «Didar» – 90 жаста, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тоқсан жылдық тарихында өңір журналистикасының ұстаханасына айналған басылымнан белгілі академик Шериаздан Елеукенов, ғылым докторы Жұмағали Ысмағұлов, сондай-ақ, қарасөздің хас шеберлері Оралхан Бөкей, Ұлықбек Есдәулетов, Дидахмет Әшімханов, Мүсілім Құмарбеков, Кеңес Юсупов сынды көптеген қаламгерлер қанатын қатайтқан.
Осындай біртуар тұлғалардың тұсауын кескен облыстық газеттің республикалық байқауларда жеңімпаз атанған кездері аз емес. 2006 жылы Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын Жұлдызын» иеленсе, 2007 жылы Президент Грантына қол жеткізуі – соның дәлелі.
Басылымның бас редактор Уәлихан Тоқпатаевтың сөзімен айтсақ, әр жылдары «Жұмысшы», «Социалистік Алтай», «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» аталған басылым қара ормандай қалың оқырманымен бірге талайлы тағдырды бастан өткізді, қожайыны болған қоғамдық формацияның өктем үнін де, жылымық жылдарындағы жылы лепті де жұртына жеткізіп отырды.
Бүгін мерейтойға орай облыстық драма театрда өткен салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар, басқарма басшылары мен аудан әкімдері де ізгі лебіздерін жеткізді. Аймақтың дидарына айналған басылым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да құтттықтау хаты ие болғанын айта кету ләзім.
Біз де жыл өткен сайын жаңаша сипат пен мазмұнға ие болып, аймақтың дидарына айналған басылымның 90 жылдық мерейтойы құтты болсын дейміз!
Комментарии (0)