Дзюдошы Ерлан Серікжанов Токиода белдесетін басты қарсыластарын атады
15.07.2021 | 16.04
0
103
Бүгінде еліміздің татами шеберлері Алматы қаласында Токио Олимпиадасына соңғы дайындықтарын пысықтауда. Ұлттық құрама мүшесі, Олимпиада ойындарында 66 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Үржар ауданының тумасы Ерлан Серікжанов әзірлік барысы жайында айтып берді.
– Токио Олимпиадасына дайындық жұмыстары қарқынды жүруде. Жалпы, жарысқа әзірлігіміз бірнеше кезеңнен тұрады. Осыған дейін физикалық дағдымызды шыңдау мақсатында Алматы облысында орналасқан «Ақбұлақ» олимпиада орталығына барып, тауда жаттықтық. Одан кейін Ақмола облысындағы «Жақсы» спорт базасына аттанып, күрес әдістерін пысықтадық. Ал қазіргі уақытта Алматыдағы «Дзюдо академиясында» жаттығуымызды жалғастырудамыз. Олимпиада ойындарына келер болсақ, жарысқа жолдама алған спортшылардың ешқайсысы осал емес. Токио татамиінде әлемдегі мықты деген 18 балуан белдесеміз. Басты қарсыластарым деп жапон дзюдошысы Хифуми Абэ, грузин балуаны Важа Маргвелашвили мен кореялық Ан Ба Улды айтар едім, – дейді Е.Серікжанов.
Дзюдошының айтуынша, бұл оның спорттық мансабындағы тұңғыш Олимпиада болайын деп тұр, соған қарамастан, ол Олимп шыңынан көрініп, жерлестерін қуантуға ниетті.
– Рас, бұл – менің алғашқы Олимпиадам. Олимпиада ойындарына жолдама алғаныма өте қуаныштымын. Токиода жеңіс үшін аянып қалмаймын, бар күш-жігерімді салып, еліміздің намысын абыроймен қорғауға тырысамын, – дейді дзюдошы.
Айта кетерлігі, Олимпиада ойындары аясындағы дзюдо бәсекесі 24 пен 31 тамыз аралығында өтуі тиіс. Жалпы алғанда, биылғы Олимпиадада еліміздің атынан алты дзюдошы өнер көрсетпек.
Комментарии (0)