Глубокое ауданында жәрмеңке болды
27.11.2021 | 12.31
0
115
Глубокое ауданында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жалпы мұнда сенбілік жәрмеңке тұрақты өткізілетін көрінеді. Күн аязды болса да, орталық базардың алаңы адамға лық толы екен. Облыс орталығынан біз жеткенше, сауда қызып-ақ кетіпті. Бос сөрелерді, сөре артында таңғы саудадан түскен табысты түгендеп тұрғандарды да көзіміз шалып қалды.
Сатылымда негізінен – ет пен сүт өнімдері. Ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандардың айтуынша, баға базардағыдан 10-12 пайызға төмен.
– Жәрмеңкеге бес тонна сиыр еті, жарты тонна жылқы еті, төрт жүз келі шамасында қой еті әкелінді. 100 литр сүтті тұрғындар таласа алып қойды. Бұдан басқа 200-300 келі май мен ірімшік сатылады. Айтпақшы, бал сатушылар да осында, – деді Глубокое ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміндегі бас маман Мұхит Тынышпаев.
Осы сәтте дорбасын көтеріп қайтуға ыңғайланған тұрғынның бірімен тілдесіп қалдық.
– Мен сиырдың етінен көбірек сатып алдым. Жылқы еті де майлы көрінді, одан аздау алуға тура келді. Келесі аптада тағы да келеміз жәрмеңкеге. Ол кезде зейнетақы да түсіп қалар, – деді Болашақ есімді тұтынушы.
Аудан басшылығы 4 желтоқсанда облыс орталығына жәрмеңке апаруды жоспарлап отыр. Ал тәуелсіздік күні қарсаңында дәл осы жерде тағы бір ұлан-асыр тойбазар болмақ. Ол кезде бағаны 20 пайызға дейін төмендетеміз деп отыр мамандар.
Комментарии (0)