Көкпектіде көшпенділердің көне кітапханасы болған
16.11.2021 | 09.41
0
121
Кезінде кең-байтақ далада көшіп-қонып жүрген қазақ халқының өз кітапханасы болғанын білесіздер ме? Осындай көне кітапханалардың бірі Көкпекті ауданындағы Биғаш ауылында орналасыпты.
Өлкетанушы, тарихшы Қайрат Мәліқаждардың айтуынша, осы өңірдегі әйгілі Толағай тауының маңында ертеде жоңғарлармен кескілескен шайқас болған.
– Соғыста нақты кім жеңгені туралы дерек жоқ. Алайда қиян-кескі шайқас болған деседі. Оқушы кезімізде бұл жазыққа саяхатқа келдік. Найзаның сабы, жебенің ұшы сияқты қару - жарақтардың сынығының талайын тапқанбыз. Тағы бірде осы жол бойына жақын маңнан қойма таптық. Жалпы көшпелі қазақ даласында қоймалар өте көп болған, – дейді Қайрат ағамыз.
Көшпенділердің көне кітапханасы Биғаш ауылының арғы жағындағы жазықта орналасқан. Жергілікті жұрт оны дала кітапханасы деп атап кеткен. Кең жазықта жалғыз тұрған кесенені Апырым байдікі деседі. Алты қырлы бейіттің биіктігі де 6 метр шамасында. Қорғанның сыртынан қайтадан қоршау салынған. Кісі жерлеген жердің сыртына 2 метр биік тастан қорған салып, оның үстіне 2 метр биіктікте ағаш діңгектер орнатылып барып шатыр жабылған. Ал шатырдың үстіне биік күмбез тұрғызылған. Шатырдың астыңғы жағынан арнайы кітапты апарып қоюға арналған тесік, кісі сиятындай есік жасалыпты. Кесенеге керек тасты алыстан тасу үшін де біраз күш жұмсағанын көруге болады. Өйткені кесене орналасқан кең жазықта ешқандай тас жоқ.
– ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген Апырым бай оқымысты адам болыпты. Ол кісі оқыған кітаптарын ел игілігінен де аямапты. Өзі өмірден өтерінде ұрпақтарына кесенесінің шатырынан кітап қоятын орын шығарып, оған барлық кітаптарын киізге орап қоюды аманаттапты. Жаз жайлауы Алтай болғандықтан алысқа адамдар кітап іздеп сабылмасын деп кесене шатырына дала кітапханасын салғызған. Ұрпақтары елге керекті кітаптарды киізге орап кесене шатырына қойып кетеді екен. Оны білетін оқымыстылар кесенеден керек кітабын алып, қайта апарып қойып отырған. Осылайша дала кітапханасының дәстүрін қалыптастырған. Маған Апырым бай туралы, осы кесенеде кітапхана болғаны туралы Кашей Тұзова деген апа айтып берген еді, – дейді өлкетанушы Қайрат Мәліқаждар.
Дала кітапханасының дәстүрлі үрдісі қай жылдардан бастап жойылып, кітаптарды кім алып кеткені белгісіз. Бірақ ел аузында кесене шатырындағы кітапханадан көптеген оқымыстылар кітап алып оқығаны айтылып жүр. Қазіргі дамыған елдерде көше кітапханасы сияқты үрдіс қалыптасып, мәдениеттің жоғарғы үлгісі ретінде ұсынылуда. Ал қазақта мұндай дала кітапханасының байырғы заманда-ақ болғанын білгеніміз жөн.
Комментарии (0)