Аудан орталығында Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі мен «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Компанияның бас директоры Родни Грейдің айтуынша, олар осы құжатқа сәйкес Әуезов кентіндегі 140 орындық балабақшаны қалпына келтіруді өз міндеттеріне алып отыр.
Меморандумның аудан жұртшылығы үшін аса маңызды екенін атап өткен облыс Әкімі аталмыш келісімді атқарушы билік пен өндірістік кәсіпорын арасындағы әлеуметтік серіктестіктің алғашқы қадамы деп бағалады.
– Комбинат толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде мұндай игі істер де көбейе түсуі тиіс, – деді осы ретте аймақ басшысы.
Бұдан соң облыс Әкімі Өскемен – Алматы тас жолының бойындағы жаңа көпірдің ашылу салтанатына қатысты. Көпір жолдың 942-ші шақырымында «Ақжол-Қарағанды», «Жаңа жол» және «Құрылысконсалтинг» сынды бірқатар мердігер ұйымдардың күшімен жарты жылдың ішінде салынған. Бұрынғы көпірді былтырғы көктемде су тасқыны шайып кеткен-ді. Жоба құны 64 миллион теңгені құрапты. Аймақ басшысы осы трассаның 941-ші шақырымында жоғарыда аталған құрылыс компаниялары іргелі жөндеуден өткізген келесі көпірді де көрді. Автомобиль жолдары комитеті облыстық департаментінің директоры Сайранбек Бармақовтың айтуынша, жаңартылған бұл көпір арқылы енді ауыр салмақты жүк көліктері де өте алады. Негізінде жолшылар өздері атқарған жұмыстарға бес жылға кепілдік береді. Бірақ бұл көпірлер жармалықтар үшін әлі ұзақ жылдар бойы қызмет етері сөзсіз.
Кенттегі «Еңбек-Өскемен» кәсіпорнына қарасты қазандықта болған облыс Әкімі жылу беруде бұрынғыдай кедергілердің болмауы керектігін қадап айтты. Қазіргі уақытта қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр, отын қоры жеткілікті. Шуақтағы көпқабатты үйлердің бәрі жылумен қамтылған. Тұрғындар коммуналдық төлемдерді дер кезінде төлеп келеді.
Аймақ басшысы кенттегі құны 2,6 миллиард теңге тұратын жаңа қазандықтың құрылыс қарқынымен де танысты. Мердігер кәсіпорын барша қажетті құрал-жабдықтар-ға, қазандықтарға тапсырыс беріп қойыпты. Тек жобаға қаржы жеткілікті бөлінбеуі салдарынан жұмыс аздап кешеуілдеп жатыр. Жоспарға сәйкес, құрылыс 2013 жылдың тамыз айында толық аяқталуы тиіс. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ертеңгі күні осы қазандықта еңбек ететін білікті мамандарды қазірден бастап дайындау қажет екенін ескертті.
Бұдан кейін өңір басшысы «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында «Еңбек-Өскемен» кәсіпорны қызметкерлерінің қаржысына салынған хоккей айдынының ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты шара барысында жас-тары ел ағаларына алғыстарын білдіріп, кентте енді спорт кешені салынса деген талап-тілектерін де жеткізді. Облыс Әкімі бұл мәселені қолға алуға уәде етті.
Аймақ басшысы іссапар барысында бірқатар өндірістік насындарға да ат басын тіреді. Атап айтсақ, ол әк тас пен минералды ұнтақ шығаратын «Теньши» серіктестігінің және «ЖармаҚұрылысГаз» көпсалалы кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Қалбатау ауылында облыс Әкімі демеушілер қаржысына салынған «Азат» отбасылық-дәрігерлік амбулаториясында болды. Ауылдықтарға алғашқы медицина-лық көмек көрсететін бұл мекемеде жуырда қосымша ғимарат салынып, онда балалар бөлімі ашылған. Енді жақын маңда тұратын халық балаларын аудандық емханаға емес, осы ОДА-ға әкелетін болып жүр.
Жергілікті дәрігерлермен сұхбаттасқан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ауданда әлі күнге дейін заманауи жедел жәрдем көлігі жоқ екенін білді.
Бұл күні Қалбатау ауылында өнер мектебінің жаңа ғимараты ашылды. Бұған дейін мектеп орынжайды жалға алып келген-ді. Енді олардың өз шаңырағы бар.
Облыс Әкімі аудандық мәдениет үйінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлестерін қосқан бір топ жармалық азаматқа «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарын салтанатты түрде табыс етті.
Комментарии (0)