Алтайдың алқымында сұлап жатқан күре жолмен келе жатсаңыз байқайсыз, тас жолдың Топқайың мен Катонқарағай ауылының арасындағы түстігінде қалың қарағай жалаңаштанып қалған. Әу дегенде, қурап қалған екен дерсіз, алайда, бұл құрт жеген қарағайлар болып шықты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Жап-жасыл өсімдік мұхитының ішінде қылтансыз қалған қарағай шоғыры көркем табиғаттың көркін де қашырып тұр. Мұншалықты қалың қарағайды тып-типыл жеген мешкей жәндікті көзбен көрмекке арнайы бұрылдық. Қалың шалғынды белуардан кешіп, қарағай ортасына жетіп, бойындағы бар асылынан айрылған зәулім қарағайға бажайлап көз салсақ, саусақтай қара құрттар өн бойында өріп жүр. Тегі, тұла бойыңды құрт жеген қайбір жақсы дейсіз. Байқасақ, бармақтай құрттардан қоңсы қонған қайың, самырсын дін аман. Ал ағаштың төресі – қарағайдың халі мүшкіл. Бұл құртыңыз шалғынға да тимейтін сияқты. Тек қарағайға құмар, қарағайды отайды.
Осыдан соң Катонқарағай ұлттық паркіне бет алдық. Ұлттық парктің орманды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Ақәділ Сүндетбаевтан мәселенің мән-жайын сұрадық. Ақәділ Құмарұлының айтуынша, Алтай орманшылығының аумағында зиянкестердің пайда болғаны ағымдағы жылы 27 мамырда анықталған екен. Қазіргі кезде орманның 120 гектар аумағында құрттың ошағы бар. Бұл – Алтай орманшылығының 553-орамы, Солонечная учаскесі.
Ғылыми атауы «қарағай жібек құрты» деп аталатын зиянкестің түсуі бұған дейін Сібір ормандарында һәм ертеректе өзіміздің Зайсан ормандарында тіркелген екен. Ал Катонқарағай орманында алғаш рет байқалып отыр.
– Негізі, ағашқа көбелек былтыр жұмыртқа салып кетуі ықтимал. Осыған орай, Семейден орман дәрігер-патологы шақырылып, арнайы мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижесінің құжаттары облыстық өсімдік карантин қызметіне жіберілді. Аталған құжаттарды қарап, бізге қайта жіберген соң нақты шаралар қолданылады, – деді Ақәділ Сүндетбаев.
Оның айтуынша, бұл құрттардың ағашқа зияны жоқ екен. Біз таңданысымызды жасырмай, облыстық карантин қызметінің ұсынысы кешіккен сайын ағаштарды құрт жей бере ме деп сұрадық.
– Құрт жейтін ағашын жеп тауысты. Зиянкес ағаштың тек қылқанын ғана жейді. Ал ағашқа бұдан зиян келмейді. Өйткені, қызылқарағай құртқа өте төзімді келеді. Нақты шаралар қолданып, құрттың көзін жойған соң, қарағайлар қайта көктейді, – дейді орманды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы. Орман қызметкері құрттың қызылқарағайға ғана түскіш келетіндігін, майқарағай мен балқарағайға құмарлығын, шөпке, өзге ағаштарға түспейтіндігін жеткізді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа орнатылған режимге сәйкес зиянкестерден арылу үшін химикаттарды пайдалануға болмайды. Сондықтан, ғалымдардың тікелей жүргізген тексерулерінің нәтижесінде орман шаруашылығы әкімшілігіне зиянкестерден қалай арылуға болатындығы туралы ұсыныс түседі. Катонқарағай ұлттық паркі осы ұсынысқа сәйкес биопрепараттар сатып алып, жұмыс жүргізбек.
– Құрт жеген қарағайларды дәрімен емдеп, зиянкестерді жойып жіберсе, күзге дейін қайта бүрлеп, оңалып кетеді, – деді Ақәділ Құмарұлы.
Жалпы, қарағайдың жібек құрты көбелектен пайда болады екен. Көбелек ұшып келіп, ағашқа жұмыртқа салады. Жұмыртқадан осы құрт пайда болады. Құрт қарағай жапырағын жеп, жетіледі. Дернәсіл жетілген кезінде көбелек пайда болады.
– Құрт түсті екен деп ағашты кестірмейміз. Ағашты кесуге санитарлық жағдайына байланысты аумақтық санитарлық іріктеу кезінде ғана рұқсат беріледі. Бұл орманды орналастыру жұмыстары бойынша жобалау құжаттарына сәйкес жүргізіледі, – деді Ақәділ Сүндетбаев.
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Комментарии (0)