Ұлан ауданында иесіз қалған үйлер бұзылып жатыр
10.09.2021 | 11.33
0
72
Ұлан ауданы, Айыртау ауылында бірнеше жылдар бойы қаңырап бос тұрған екі қабатты үйлер бұзылып жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Айыртау ауылдық округі әкімінің айтуынша, барлық бұзу жұмыстары конкурста жеңіске жеткен компаниялардың есебінен жүргізілетін болады.
- Бұл компаниялар бұзылып жатқан үйлердің құрылыс материалдарын керектеріне жаратады. Үйлер өте ескі болғандықтан қайта қалпына келтіруге жарамайды. Тек қабырғалардың панель блоктарын жеке тұрғын үйлер салуға пайдалануға болады, - дейді Дархан Төлеуханов.
Бұл тастанды үйлердің бұзылуы ауыл тұрғындары үшін өте маңызды. Себебі абайсызда құлап, адам өміріне қауіп төндіруі де мүмкін. Тіпті, кей кездері, ауылдағы балалар осы үйлердің ішіне кіріп, екінші қабатына көтеріліп ойнайтын көрінеді. Сондықтан да қаңырап тұрған нысандарды бұзып, орындарын тегістеу жұмыстары алға қойылып отыр.
Бірнеше жылдар бұрын бұл шағын ғана елдімекеннің орнында тіршілігі қайтап тұрған үлкен ауыл болған. 16 және 24 пәтерлік екі қабатты бұл үйлер құс фабрикасы мен совхоз жұмысшылары үшін салыныпты.
Алайда, совхоз тарап кеткеннен кейін халық пәтерлерін қалдырып, үдере көше бастаған. Осылайша ондаған ғимарат иесіз қаңырап, бос қалды.
Комментарии (0)