Ұлан ауданының тарихи мекендері: Аблайкит қорғаны
04.05.2021 | 14.25
0
624
Шығысымыздағы Ұлан ауданы - тарихқа бай өлке. Бұл жердің тарихи сыры 16-17 ғасырлардың қойнауынан бастау алады. Жоңғар шапқыншылығын да, Ресей патшалығының реформаларын да басынан кешірген киелі мекен. Ол - тарихтың тірі куəсі, талай сырды бойына бүгіп жатқан жер.
Осы уақытқа дейін тарихшы ағаларымыз зерттеп, анықтаған тарихи мекендер туралы бірқатар аңыз-əңгімелер топтамасын оқи отырыңыздар.
Ұлан жеріндегі ірі тарихи мұраның бірі - атақты Аблайкит қорғанының қалдықтары. Бұл қорған Сібе өзенінің бас жағында Алғабас (бұрынғы Түлкібай) ауылына қарама-қарсы бір шақырымдай жерде орналасқан.
Будда монастрі түріндегі қорғанды 1649-1652 жылдар аралығында қалмақ ханы Аблай Қытай шеберлеріне салғызып, өзінің ордасы еткен. 1654 жылы орыс патшасы Федоров Михайловичтің Қытай империясына жіберген елшісі Федор Иванович Байков осы қорғанда 4 ай бойы Аблайдың қонағы болған. Сол туралы қалдырған жазбалары да бар екен.
1670 жылы ойрат халықтарының арасындағы ру тартыс кезінде Аблайкиттің қорғаны шамалы бүлінген. Монастрдің сыртқы қоршауының биіктігі 4 метр, ені 3,2 метр, қамалдардың ұзындығы 1000 метр, көлденеңі 500 метр. Қорған архитектуралық ескерткіштер мен храм үйлерден құрылған. Шатырлары Қытай фанзасы тəріздес жұқа таспен жабдықталған.
Қабырғаларынан 200-ге тарта будда кескіндері табылған. Храмдардың бірінде құдай мүсіндерін қоятын, гүлдермен безендірілген 16 пьедестал болған. Кірпіш күйдіретін үлкен пеш Сібе өзенінің сол жақ жағалауынан табылыпты. Пештің орны Алғабас ауылының төменгі жағында əлі де бар екен. Сол кездегі күйдіріліп жасалған кірпіштердің түсі көгілдір болған жəне де қазіргі біздің қызыл кірпіштен əлдеқайда берік.
1771 жылы қорған əлі де аса қирай қоймаған кезінде мұнда белгілі неміс ғалымы Паллас болған. Қорғанның сол кездегі көрінісі облыстық өлкетану мұражайында бар екен.
Сібе өзені тарихи құжаттарда Аблайкит деп көрсетілген екен. Кейін бұл жерге келіп қоныстанған орыстар Аблайкитка деп атап кеткен. Сол Аблайкиткадан қазіргі Аблакетка сөзі шыққан.
Тарихи мəліметтер Зейнолла Қайсеновтің "Ұлан ауданы туралы тарихи-əдеби очерктері" кітабынан жəне "Ұлан есімі-ұлағат бесігі" анықтамалығынан алынды
Комментарии (0)