Мәжіліс депутаттары "Ана мен бала" орталығының қызметкерлерімен кездесті
16.05.2022 | 14.37
0
231
ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары, «AMANAT» партиясының Республикалық партия штабының мүшелері Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулердің маңыздылығын түсіндіру мақсатында Өскемен қаласындағы «Ана мен бала» орталығының қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Бірден айтайық, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерде халықтың мүддесі жатыр. Мұны ел Президентінің әрбір сөзінен аңғаруға болады. Мәселен мемлекет басшысы пропорционалды-мажоритарлы сайлау үлгісі туралы айтты. Енді әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік беретіні де түсінікті. Оған қоса елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашылмақ. Дәл осы сөйлемдер мені қатты қызықтырды. Халыққа керегі де осы емес пе деген ойға қалдым, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Зарина Камасова.
Республикалық партия штабының тағы бір мүшесі Ирина Унжакованың айтуынша, алдағы референдум саяси партиялардың әлдеқайда еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
– Осыған дейін партия филиалдарына әкімдер басшы болып келді. Бәлкім, сондықтан болар, кейбір мәселенің турасы айтылмай келді, ашық талқыланбады. Енді әкімдер бөлімшелерге басшылық етпейді. Яғни партияда еркіндік болады. Бір сөзбен айтқанда, алдағы өзгерістер қарапайым халықты шенеуніктермен шендестіреді, – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Ирина Унжакова.
Комментарии (0)