ҰОС естеліктері: «Көп адам жер жастанды»
08.05.2022 | 15.03
0
64
Алдажар Байделдинов 1942 жылдың қаңтарында майданға аттанған. Украина, Белоруссия елдерінің майданында болып, 1945 жылы 9 мамыр күні соғысты Чехословакияның орталық қаласы Прагада аяқтады. Ол кезде не бары 22 жаста ғана, лейтенант болған.
Алдажар Байделдиновтың соғыс туралы естеліктерінен:
- «Соғыс кезінде лейтенант болған едім. Біздің батальон Украина мен Белоруссияның қалаларында болған үлкен шайқастарға қатысты. 44-ші жылдың мамырындағы сол бірсəттер есімде ерекше қалды...
Гобель қаласы жанындағы станцияда үлкен бір шайқас болып, жаудың жасырынып жатқан жерін шабуылдау үшін дайындық жасау керек еді. Немістің станокты пулеметі жолды бөгеп, бізге оқты қарша жаудыртып тұрған. Донның үстінде бір зират бар. Осы зиратты бізге алу керек. Сол жерде дайындық жасаймыз. Ал жау болса даланы атқылап, еш қимыл жасатпады. Ол кездері мен минометчик болатынмын. Батальон командирі маған келіп, "Жолдас Байделдинов, анау қисық ағаштың түбінде немістің станокты пулеметі тұр жəне бір снайпер отыр. Осы нүктені құрту керек" деп, команда берді. Менің есебімде бес адам болған. Содан қашықтығы, көлемі, алыстығы анықталып, мен үш рет əлгі нүктеге мина аттым. Жолды бөгеп тұрған жаудың үні өшті. Станокты пулемет құрығаннан кейін біздің тауға жете алмай жатқан солдаттарымызға жол ашылып, зиратты қабылдап алдық.
Кеш уақыты болатын. Біз жатқан жерге жаудың бомбасы келіп түсті. Сөйтсем, əлгі бомба жақын жерде жарылған болу керек, бізді топырақтың астынан тауып алыпты. Сол бомбадан контузия алған едім... Екі майдандасымыздан айырылдық...»
Комментарии (0)