Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев облыс орталығындағы 4 православ шіркеуінде болып, келушілерді Рождество мерекесімен құттықтады. Қала басшысы барлық шіркеуде еліміздің гүлденуі мен әрқайсымыздың амандығымыз үшін майшам жақты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сүйеніп.
- Рождество – православ дініне сенушілердің жарқын мерекесі болып табылады. Біз сіздердің қуаныштарыңызды бөлісеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық дінге құрмет көрсету мен достыққа бағытталған сындарлы саясатының арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен тыныштық орнаған. Біздің тарихымыз да, болашағымыз да бір, – деді С.Тәукебаев мерекеге жиналғандарға.
Серік Тәукебаев қазір Андреевск храмын, Ново-Троицкий храмын жөндеу және Өскемен қаласындағы православ шіркеуінің Епархия басқармасының құрылысын бастау мәселелері қаралып жатқанын айтты.
Мирный кентіндегі шіркеудің настоятелі Алексей Әкей қала әкіміне облыс орталығында православ дінінің өркендеу мәселелеріне көңіл бөлгені үшін келушілердің атынан алғысын білдірді.
Андреевск храмындағы қызмет көрсетуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев, Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Владимир Головатюк және басқа да ресми адамдар қатысты.
Осы жерде Амфилохий әкей Серік Тәукебаевқа Мәскеулік және бүкіл ресейлік Патриарх Кириллдың, Астаналық Митрополит пен Казақстандық Александрдың және Өскемен мен Семей Амфилохия Епископының Рождестволық Сәлемін жолдады.
Мәлімет көзі: Altaynews.kz
Комментарии (0)