"Риддер жылусыз қалғалы тұр" деген ақпарат рас па?
15.11.2021 | 10.10
0
94
Әлеуметтік желілерде «Риддердегі жылу электр орталығы қысқы маусымға дайын емес. Көп ұзамай қала жылусыз қалады» деген ақпарат тараған еді. Біз осыны нақтылау мақсатымен кенді қалаға арнайы барып, ЖЭО өкілдерімен тілдесіп көрдік.
Желіні шулатқан ақпаратты өткен айдың соңында ЖЭО жұмысшыларының өздері таратты. Олар жылу орталығындағы құрал-жабдықтың әбден тозғанын айтып, басшылық жалақыны көтермесе жүз шақты қызметкер біржола жұмыстан кетеміз деп шағымданды.
Ал «Риддер жылу электр орталығы» АҚ-ның басшылығы жағдайды былай түсіндірді.
– Біріншіден, «Риддер ЖЭО» АҚ-ның қысқы маусымға дайын екенін растайтын ҚР Энергетика министрлігінің төлқұжаты қолымызға 4 қазанда-ақ тиген. Яғни біз биыл қаланы жылумен толық қамтамасыз ете аламыз деген сөз.
Екіншіден, ЖЭО-ның құрал-жабдықтарында ешқандай ақау жоқ. Жылыту маусымы қарсаңында барлығын тексердік. Кейбір негізгі және қосымша жабдықтар жөндеуден бұған дейін өткізілген. Сондай-ақ 2019 жылы қолдану мерзімі (парковый ресурс) аяқталғандықтан ірі турбогенераторлардың бірі тоқтатылған еді. Биыл соны қалпына келтіріп, күрделі жөндеу жүргізіп, қайта іске қостық, – дейді «Риддер ЖЭО» АҚ-ның президенті Олеся Имашева.
Оның айтуынша, жоғарыда айтылған жүз жұмысшының тоқсан пайызы әлі де кәсіпорында еңбек етіп жүр. Өйткені жалақыны жоғарылату мәселесі біртіндеп шешіліп жатқан көрінеді.
– Қазір кәсіпорында орташа жалақы шамамен 150-180 мың теңге. Біздің қала үшін бұл әжептәуір еңбекақы. Сондықтан қызметкерлердің жаппай жұмыстан шығуы алыпқашпа әңгіме деп біліңіздер, – деді Олеся Имашева.
Кәсіпорын басшылығының ақпаратын қуаттай түсу үшін қала әкімінің де пікірін білдік.
– ЖЭО-ның қызметі көз алдымызда, тікелей бақылауымызда. Мен жылу уақтылы әрі тұрақты берілетінін жақсы білемін. Қиындық бір туындаса, кейбір үйлердің жылыту маусымына дайын болмауынан туындауы мүмкін. Бұл енді ПИК-терге қатысты мәселе. Сондықтан тұрғындардың даурығуына ешқандай негіз жоқ, – дейді Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой.
Комментарии (0)