Риддердегі өрт: Кінәлі азаматқа қатысты сот шешімі шықты
26.05.2022 | 10.18
0
82
Риддерде 31 тұрғын үй мен 276,4 гектар орман өртіне кінәлі азамат 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, жалпы сомасы 125 378 367 теңге залал өндірілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен 2021 жылдың 10 мамыр күні Риддерде ірі өрт болып, қалада төтенше жағдай жарияланған болатын. Орман өртінің жалпы ауданы 276,4 гектарды, материалдық шығын — 252 472 463 теңгені құрады. Өрт салдарынан 31 тұрғын үй өртеніп, 37 шаруашылық құрылысы, алты автомобиль және басқа да мүлік өртенген. Сондай-ақ екі адам қаза тапты.
- 25 мамыр күні Риддер қалалық сотымен 1986 жылы туған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Іс материалдарына сәйкес күдікті азамат отбасымен демалысқа шығып, тез тарала бастаған отты сөндіре бастаған. Алайда азамат жалынды өздігінен сөндіре алмағандықтан оқиға орнынан кетіп қалған.
ҚР Қылмыстық Кодекстің 204-бабының 2-бөлігі (отты абайсызда қолдану арқылы жасалған, ауыр зардаптарға әкеп соққан және аса ірі залал келтірген бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру) және 104-бабының 2-бөлігі (екі немесе одан да көп адамға абайсызда өлім келтіру) бойынша кінәлі деп танылды.
- Сот жеңілдететін жағдайлардың болуын, кінәсінің абайсыз түрін ескере отырып, сотталушыға екі жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды тағайындады. Сондай-ақ, сот 15 талап арыз қарады, олар бойынша жалпы сомасы 125 378 367 теңге залал өндірілді, -деп толықтырды облыстық сот.
Комментарии (0)