Семей әкімі Затон ауданындағы мәселелермен танысты
27.11.2021 | 10.41
0
58
Семей әкімі Бақытжан Байахметов Затон ауданы тұрғындарының бастамашыл тобымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар бірнеше көшені жөндеуді және көше жарығын ретке келтіруді сұрады. Сондай-ақ, қоғамдық көліктер және жер асты су басу проблемалары бар, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аудандағы Мәннан Тұрғанбаев көшесінде жарықтандыру бар, ендігі кезекте жолды және оған қатарлас бірнеше көшелерді де ретке келтіру қажет екен. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне осы аудандағы 5 көшені тегістеу және құм-қиыршық тас қоспасы мен қиыршық тас төсеу туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
- Үш жыл бұрын ауданда су ағысы бойынша инженерлік шешім қабылданды. Коломенская көшесінің жағынан жер асты сулары, ал Железнодорожный көшесінің бойымен су Шығыс кентіне қарай ағады. Сол себепті көктемде су тасқыны болуы мүмкін. Сондықтан, жаңа технологиялық шешім қабылдау қажет. Бұл мәселе жұмыс тобының отырысында егжей-тегжейлі қаралады, - дейді Бақытжан Байахметов.
Сондай-ақ, тұрғындар жылу мәселелерін көтерді. Шағын ауданда бірнеше автономды жылу желілері бар. Мысалы, Мирный кентіндегі №2 орта мектеп жеке қазандықпен жылытылады. Басқа да нысандар, соның ішінде тұрғын үйлер де бар. Болашақта оларды жөндеу немесе орталық жылу жүйесіне қосу қажет.
- Мен бұл мәселе туралы бірінші рет естіп тұрған жоқпын. Затон ауданының тұрғындарынан бірнеше өтініш - хаттар келген. Бұл мәселені бақылауда ұстайтын боламыз, - деді шаһар басшысы.
Өткен жылы Сәтпаев көшесінде су құбыры желісі ауыстырылған болатын. Ол үшін асфальт жабынының бір бөлігін алып тастауға тура келген. Алайда, желіні ауыстырғаннан кейін асфальт жабыны дұрыс қалпына келтірілмепті. Жолдың шеттері тарылып, көлік қозғалысына кедергі келтіруде. Әкім жолдың бұл бөлігі келесі жылы жөнделетінін айтты.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан Коломенская көшесінің атын ауыстыру туралы ұсыныс түсті. Бұл мәселе ономастикалық комиссияның отырысында, тиісті заңнамаға сәйкес қаралады.
Комментарии (0)