Семейде 20 отбасы баспаналы болды
18.12.2021 | 10.26
0
37
Тәуелсіздік күні мерекесінде Семейде 20 отбасы баспаналы болды. Олар «Ұшақтар» жаңа шағын ауданында алаңы 85 шаршы метрді құрайтын жаңа үш бөлмелі пәтерлердің кілттерін алып отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
20 отбасының ішінде: 16 – көпбалалы отбасы, 4 отбасы - халықтың әлеуметтік осал топтарының қатарынан.
Былтырдан бастап «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы іске асырылып келеді. Аталған бағдарлама аясында Семейде өткен жылы 10 пәтер салынса, биыл 105 пәтерге 25 үй тұрғызылды. Оның ішінде, 40 пәтер Ұшақтар шағын ауданында, қалғандары Комсомол кентінде салынған.
- Семейде биыл бірінші рет кілт тапсырылып отырған жоқ. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Қарағайлы шағынауданында 65 отбасы баспанамен қамтылды. Аталған бағдарлама аясында 100 отбасы екінші нарықтағы үйлерді алды. «Шаңырақ» және «Әскери баспана» бағдарламасымен 25 пәтер пайдалануға берілді.Сонымен қатар, жылдың басынан бері 75 семейлік мемлекет есебінен 1 миллион теңге көлемінде тұрғын-үй сертификаттарын алды. Барлығы осы жылы 292 отбасы пәтерге ие болды, - дейді қала әкімі Бақытжан Байахметов.
Бүгінде Семейде тұрғын-үй алу үшін 12 мың 500 адам кезекте тұр екен. Оның ішінде, 1034 –көпбалалы отбасылар, 4377 – халықтың әлеуметтік осал топтары және 1682- жетім балалар. Жылдың соңына дейін тағы 40 адам жаңа пәтер кілтін алады деп күтілуде.
Жалпы шаһарда тұрғын-үй құрылысы қарқынды дамуда. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қарағайлы шағын ауданында 128 пәтер пайдалануға беріледі. Жаңа пәтерлерге 32 көпбалалы отбасы, 25 жетім балалар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан 71 отбасы кіретін болады.
Комментарии (0)