Семейде қандай маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр?
26.07.2021 | 09.46
0
109
Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов қазір жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар бойынша нысандарды аралады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Шаһар басшысы жаңа мешіт аумағындағы абаттандыру жұмыстарын тексерді. Бұл жерде суару жүйесін ретке келтіру, жарамсыз төсемдерді ауыстыру және жекелеген учаскелерде көгалдандыруды ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар, биыл мешіттің солтүстік жағынан жер үсті өткелін салу жоспарланған екен. Қазір конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр екен. Техникалық және авторлық қадағалау компаниялары анықталыпты. Енді тамыз айының басында негізгі мердігерлік ұйым анықталады.
Одан кейін әкім "Өндіріс" индустриялық аймағы мен Степной кентіне жылу желісінің салыну барысымен танысты. Бұл жоба арқылы Би-Боранбай көшесінің бойындағы 1-павильоннан бастап тұтынушыларды қосу үшін жылу камералары орнатылған 9 қабатты үш тұрғын үйге дейін жылу желілерін салу көзделген.
Қазір Степной кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектепті жылу желілеріне қосу қажет. Осыған байланысты Степной кентінің көп қабатты үйлерін жылумен қамтамасыз ету қарастырылған жеке жоба әзірленген екен. Жеке сараптамамен шарт жасасу жоспарлануда, сараптама қорытындысын алудың болжамды күні - ағымдағы жылдың тамыз айының соңы.
Тағы бір жоба - "Ұшақтар кентінің 66 кварталындағы орталық жылу пунктін қайта құру және тарату желілерінің құрылысы". Қазір ОЖП-дан кентке дейін ұзындығы 1,7 км жылу желілерін төсеу бойынша жұмыстар басталды. Аталған жобаны іске асыру №49 мектепті, 280 орындық балабақшаны және 200 төсек орынға арналған аурухананы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Одан бөлек қала әкімі Семей қаласындағы "10-кәріз сорғы станциясын қайта құру" жобасы бойынша жұмыс барысымен де танысты. Бүгінгі күні барлық қажетті материалдар сатып алынған, жұмыстар 70% - ға орындалды.
- Бұл жобалардың барлығы біздің қала үшін өте маңызды және семейліктердің өмірін жақсартуға мүмкіндік береді, - дейді Бақытжан Байахметов.
Комментарии (0)