Семей мемлекеттік педагогикалық институтында ЮНИСЕФ-тің көмегімен мектепке дейінгі балаларды оқытып, тәрбиелеуші мамандарға арналған халықаралық семинар болып өтті. Оған Түркіменстан мен Ресейден де мамандар қатысты, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.
Жиында «Балапан» бағдарламасы, білім берудегі инновациялық жолдар, балалардың психологиялық жас ерекшеліктері сияқты тақырыптар қозғалды. Семинар барысында пединсти-туттың халықаралық білім беру жүйесіндегі технологиялар зертханасына саяхат жасалып, қонақтар №9 «Айгөлек», №11 «Ер Төстік» және «Жұлдыз-Ардақ» балалар бақшасының тыныс-тіршілігімен танысты. Зырян ауданынан келген «Сказка» балалар бақшасының психолог, әдіскерлері Н.Потапова мен А.Курокпаева мектеп жасына дейінгі балаларға қандай ойыншықтар әзірлеп беруге болатыны жөнінде шеберлік сағаттарын көрсетті. Түркіменстаннан келген қонақтар «Жұлдыз-Ардақ» балабақшасын көріп, таңданыстарын жасырмады. Олардың айтуынша, балалар бақшасы ауласының қайталанбас дизайны, балаларға жасалған тамаша жағдайлар өте керемет екен.
Комментарии (0)