ШҚО-да тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр
21.12.2021 | 09.16
0
27
ШҚО-да құрылыс қарқыны жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, статистикаға көз жүгіретін болсақ 2019 жылы өңірде 32 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй салынған болса, биыл бұл көрсеткіш әлдеқайда өскен. Яғни жалпы ауданы 244 мың шаршы метрді құрайтын 36 үй тұрғызылған.
- Өңірде құрылыс жұмыстары жаңа схема бойынша жүзеге асырылады. Мемлекет барлық инженерлік-коммуналдық инфрақұрылыммен жер учаскелерін береді. Ал жеке фирмалардан жұмысты мерзімінен кешіктірмей аяқтау талап етілген. Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағандыдан келген көптеген компаниялар осы жобаға бірінші болып қатысуға келісім білдірді. Кейбіреулер құрылысты бастап кетті, - деген облыс әкімі Даниал Ахметов кеңестердің бірінде.
Сонымен қатар, ШҚО құрылыс басқармасы алдағы бес жылға арналған коммерциялық тұрғын үй құрылысының перспективалық жоспарын жасайды. Бұл ретте жұмыс тәжірибесі мен дәлелденген қаржылық жағдайы бар сенімді компаниялар ғана таңдалатын болады.
Айта кету керек, олар дайын типтік жобаларды да қолдана алады. «Нұрлы жол» және «Спорт» шағын аудандарында 34 тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Алдағы уақытта айналма жолдардың жанында құрылыс жүргізіп, облыстың басқа да қалалары мен аудандарында коммерциялық тұрғын үй салу жоспарда бар.
Тек облыс орталығында 2025 жылға қарай 3 миллион шаршы метрге жуық жаңа тұрғын үй салынады. Әсіресе 21, 25 және 28 тұрғын аудандарда құрылыс белсенді түрде жүргізілмек.
Ағымдағы жылы "Бір қабатты Шығыс" мемлекеттік бағдарламасы бойынша Семей, Риддер және Өскеменде, сондай-ақ облыстың көптеген аудандарында жаңа үйлер пайдалануға берілді.
Комментарии (0)