ШҚО-да Тұңғыш Президент күніне орай жастар форумы басталды
23.11.2021 | 19.08
0
52
Өңірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған "Біздің № 1" Шығыс Қазақстан облыстық жастар форумының салтанатты ашылуы өтті. Екі күн бойы өңірдің жас буыны семинар-тренингтерге, табысты жерлестерімен бейресми кездесулерге қатысады. Сондай-ақ, жастардың үздік өкілдері жеті номинация бойынша марапатталады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Айта кетерлігі, форум дәстүрі 2012 жылы бастау алған. Жылдан жылға форум еліміздің болашағын айқындайтын жастарды лайықты тәрбиелеудегі сөзсіз дәлел болып табылады. Форумға қатысатын жастар көптеген креативті идеялар ұсынады, оларды жүзеге асырады, өзінің зияткерлік және инновациялық әлеуетін дамытуға ұмтылады.
Биылғы форумға жастар ұйымдарының өкілдері, Шығыс Қазақстанның қалалары мен аудандарындағы жастар көшбасшылары, жас кәсіпкерлер, спортшылар, "Болашақ" бағдарламасының түлектері, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпаздары, еріктілер мен шығармашыл жастар қатысты.
Облыстық форумның салтанатты ашылуында ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев сөз сөйлеп, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі облыстың мемлекеттік жастар саясаты саласындағы жетістіктері туралы баяндады. Айтуынша, соңғы он жыл ішінде жастар форумының "Біздің №1" ұранымен өтуі кездейсоқ емес. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды жаңғыртуда бастамашы болып, оны жүзеге асырды, елдің экономикалық дамуда теңдессіз серпіліс жасауына және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген бірқатар реформалар жүргізді.
Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған "Болашақ" халықаралық стипендиясы аясында 14 мыңнан астам қазақстандық жастар әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алды. Оның ішінде Шығыс Қазақстанның 280 тұрғыны да кіріп отыр. Ал "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасы аясында 18 шығысқазақстандық жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған "Жасыл Ел" жобасы аясында еліміздің 250 мыңнан астам жас тұрғыны, оның ішінде 20 мың шығысқазақстандық елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыруға қатысты.
Форум барысында конференциялық бейнебайланыс арқылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов сөз сөйледі. Ол Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуындағы Елбасының рөлін белгілеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, форум аясында жастар пленарлық отырысқа қатысты. Онда қазақ күресінен төрт дүркін әлем чемпионы, "Қазақстан барысы" турнирінің екі дүркін жеңімпазы, облыстық мәслихат депутаты Айбек Нұғымаров сөз сөйлеп, өңірдегі спорттың дамуы, дені сау ұлттың қалыптасуы туралы айтып, жастарды өз денсаулығына көбірек көңіл бөлуге, спортпен жүйелі түрде айналысуға шақырды.
Елімізде жастардың өзін-өзі дамытуы мен білім алуы үшін жасалған бірегей мүмкіндіктер жайлы әлемнің ТОП-50 мұғалімдерінің қатарына енген, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәні бойынша сарапшы-мұғалімі Асхат Жұмабеков айтып берді.
ZOOM-платформа арқылы қатысушыларға Усть-Таловка кентіндегі Балалар өнер мектебінің театр пәнінен педагогы, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы Валентин Алифанов қосылды. Өз сөзінде ол ұйымдастырылған іс-шараның маңыздылығы туралы сөз қозғап, еліміздің болашағы жастарға, жас мамандарға байланысты екенін атап өтті.
«ШЕФРОН» стипендиялық бағдарламасының иегері Мадина Еркінова Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында таныстырылған жобалары туралы айтып берді.
Әлеуметтік кәсіпкер, "Green TAL" әлеуметтік шеберханасының жетекшісі, "Best for kids" қоғамдық қорының вице-президенті Эмин Әскеров барлық қатысушыларды бүкіл әлемде болып жатқан оқиғалардан сырт қалмауға, жаңа ғылым, қолөнер үйренуге, өзінің азаматтық белсенділігін көрсетуге, мұқтаж жандарға көмектесуге, қоғамда өз орнын табуға шақырды.
Екі күнге созылған облыстық форум аясында шағын футболдан жолдастық матч те өтеді. Сонымен қатар, жастар "Тәуелсіздік ұрпақтары" республикалық форумына қатысып, облыстық драма театрында "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" спектаклінің қойылымын тамашалай алады. Форум гала-концертпен аяқталады. Концерт барысында Шығыс қазақстан облысы әкімінің "Жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін" сыйлығының жеті номинациясы бойынша жастардың ең үздік өкілдерін марапаттау рәсімі өтеді.
Комментарии (0)