ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында заманауи қондырғы іске қосылды
08.12.2021 | 11.36
0
20
ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығына Elekta фирмасының Versa HD деп аталатын ең соңғы үлгідегі желілік үдеткіші алынып, іске қосылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Өскемен қалалық мәслихатының депутаты және аталған орталықтың директоры Гүлмира Сағидуллина өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
- Өздеріңіз білесіздер, Nur-Otan партиясының сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі аймақ тұрғындарын қолжетімді, сапалы, әрі жоғары технологиялы медицининалық көмекпен қамту болып табылады. Бұл ретте өңірімізде бірқатар айтулы бағдарламалар мен жобалар қолға алынып, жүзеге асуда. Сайып келгенде, олар жерлестеріміздің өмір сүру сапасын жақсарта түсуге мұрындық болады, - деп жазды ол.
Бүгінге дейін орталықта монтаждау - реттеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асты. Сондай-ақ радиолог, физик-инженерлер осы замануи қондырғыны жетік меңгеріп, қызмет етулерін жетілдіру үшін жаңа білім алып қайтуға шет елдің үздің клиникаларына дәріске жіберілді.
Қазіргі уақытта көптен күткен желілік үдеткіш іске қосылып, осы қондырғы арқылы алғашқы пациенттерге ем-дом жүргізіліп жатыр. Мәселен, облыс орталығының тұрғынына кешенді терапиялық ем жүргізу үшін осы аппарат арқылы 20 сеанс тағайындалды.
- Жалпы, қатерлі ісіктер медицинасында алтын стандартқа айналған аппараттың көмегімен барынша нақты әрі қарқынды терапия жүргізіледі. Инновациялық құрал-жабдық радиотерапияның барлық түрлерін жүргізе алады. Сәулелі терапия барысында науқастың дене пішіні, қозғалысы, дем алысы ескеріледі. Нәтижесінде сәулелер ағзаның өзге органдарына зиян келтірмей, тек қатерлі ісіктің ошағына түседі, - деп түсіндірді Гүлмира Сағидуллина.
Комментарии (0)