ШҚО әкімі Жарма ауданына жұмыс сапарымен барды
19.12.2021 | 15.20
0
37
ШҚО әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапары аясында Жарма ауданына барды.
Аймақ басшысы сапар барысында ірі өнеркәсіптік нысандарымыздың бірі - Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны орналасқан Әуезов кентінде болып қайтты. Жақында ғана кентте шығармашылық ұжымдардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Балалар мен жасөспірімдердің саны көп Әуезов кенті үшін бұл өте маңызды.
Сонымен қатар, әкім ай сайын 400-ден астам адам келетін Бақыршық кәсіпорнының вахталық кешенінде болды. Мұнда тек жұмыс істеу үшін ғана емес, вахташылардың демалысына да өте қолайлы жағдайлар жасалған. Кәсіпорын басшылығымен кездесуде Даниал Ахметов құзыреттілік орталықтары осы объектіде жұмыс істеу үшін мамандарды оқытуға немесе қайта даярлауға дайын екендігін айтты. Одан бөлек «Отбасы банкі» арқылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында үйлер салу үшін әлеуметтік жауапкершілікті өз мойындарына алуға дайын екенін жеткізді.
- Сонда ғана мамандар ауылда тұрып, еңбек ете алады, - дейді Даниал Ахметов.
Бұдан кейін облыс басшысы «Шалабай» шаруа қожалығына барды. Мұнда жақсы селекциялық жұмыстар жүргізіліп, асыл тұқымды бұқалар канадалық технология бойынша бордақыланады, ал бұл ірі қара малдың элиталық санын көбейтуге мүмкіндік береді. Әкім осы кенттегі тозығы жеткен мәдениет үйін қалпына келтіру мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, әкім жақында жөндеу жұмыстары жүргізілген ауылдық мектепті көріп қайтты.
- Мектеп мұғалімдері тек сабақ оқытумен ғана емес, сонымен қатар бұқаралық спортты дамытуға да көңіл бөліп отырғандары өте қуантты. Мектептің өзінде хоккей командасы, бокс залы бар екен. Дәл осы мектептің мұғалімдері алғашқылардың бірі болып ауызекі қазақ тілін оқыту бойынша қайта даярлау курстарынан өткен болатын, - деді Даниал Ахметов.
Комментарии (0)