Шығыстың журналистері футзалдан шықпайтын болды
01.11.2021 | 14.35
0
52
«Didar» газетінің тоқсан жылдығына орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті.
Шығыстың «Дидары» тоқсанға толып, жалпақ жұрттың жылы лебізіне кезекті мәрте бөленіп жатыр. Ізгі тілектер легімен басталған мерейтой спорттық жарысқа ұласып, БАҚ өкілдері доп додасында бақ сынасты.
Турнирде Көкпекті аудандық «Жұлдыз», облыстық «Менің өлкем» газеттері мен «ALTAI» телеарнасының тілшілері доп тепті. Оған қоса Семей мен Тарбағатай ауданынан келген, қала әкімдігіндегі мамандардан, өңірдегі меншікті тілшілерден және «Didar» ұжымынан жасақталған тағы бес команда бәсекеге түскенін айта кетуіміз керек.
Бір данышпанның «журналистика – тоқсан мамандықтың тоғысқан жері» дегенге саятын сөзі бар еді. Бұл нақылдың өміршеңдігіне осы күні көзіміз жетті. Журналистердің алды ірі додаларда доп тебуге дайын екенін айқын аңғартты. Соңы әуесқойларға тән әсерлі ойын көрсетті.
– Алыс-жақыннан келіп, жарысқа түсіп жатқан журналистерге алғысымыз шексіз. Бұл газет ұжымына көрсетілген құрмет деп білеміз. Олардың бес-алты сағат бойы жан алысып, жан беріскен шынайы ойындарына тәнті болдық. Олар қандай іске болмасын білек сыбанып, ынта-шынтасымен кірісетін нағыз маман екенін көрсетті, – дейді газет редакторы Уәлихан Тоқпатаев.
Сонымен, бірінші орынға Көкпекті («Жұлдыз» газеті) командасы лайық болды. Екінші орында – Тарбағатай, үшінші орында – Өскемен қаласы әкімдігі. Жүлдегелерге кубок пен ақшалай жүлде, ал турнирдің үздік ойыншысы Ерболат Теңізге «Алтын доп» табысталды.
Комментарии (0)