Тәулік ішінде 11 қылмыс жасалып, 8-і ашылған - ШҚО
13.01.2022 | 14.51
0
51
ШҚО-да жағдай толықтай тұрақталды. Өскемен қаласының Орталық алаңы маңындағы көлік құралдарының қозғалысы қалпына келтірілді. Полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері өздеріне жүктелген міндетті атқарып жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тәулік ішінде 11 қылмыс жасалып, оның 8-і ашылды. Сағат 23.00-ден 07.00-ге дейін өңірде коменданттық сағат енгізілген, оны бұзғаны үшін 32 адам, оның ішінде бір тәулікте 10 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы бойынша жауапқа тартылды. Аталған бапта ескерту жасауға немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу көзделген.
Қазіргі уақытта өңірде төтенше жағдай режимі қалыптасқаны белгілі. Оның аясында:
- Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзетуге, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарды және көлік құралдарын пайдалануға күзет күшейтілген;
- Шығыс Қазақстан облысында жүріп-тұру еркіндігін шектеу, оның ішінде көлік құралдарының қозғалысына шектеу орнатылды;
- Жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, олардың өздерімен бірге алып жүрген заттарын және көлік құралдарын жете тексеруден өткізу қамтамасыз етілген;
- Шығыс Қазақстан облысына кіруге және шығуға шектеу қойылған;
- Бейбіт жиындар, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынды;
- Ереуілдер өткізуге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтатудың өзге де тәсілдеріне тыйым салынған;
- Қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар мен арнайы құралдарды және улы заттарды сатуға тыйым салынды, дәрі-дәрмектер, есірткі және психотроптық заттарды, прекурсорларды, сондай-ақ этил спирті мен алкогольдік өнімдердің айналымына ерекше режим орнатылды;
- Жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәрілерді, улы заттарды, ал заңды тұлғалардан қарумен бірге оқ-дәрілерді және улы заттарды, сондай-ақ жауынгерлік және әскери оқу техникаларын, жарылғыш және радиобелсенді заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етілді.
- Қалалардың аумақтары бойынша блок бекеттер жұмыс істеп тұр, оларда азаматтардың құжаттары мен жеке заттарына, көлік құралдарына және жүктерге тексеру жүргізіледі.
- Барлық қабылданған шаралар қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық азаматтарды енгізілген шектеулерге шыдамдылық танытуға, төтенше жағдай режимінің талаптарын қатаң сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға шақырамыз және бұзушылықтар туралы полицияға хабарлауды сұраймыз, - дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Комментарии (0)