Тоқаев: Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық үшін ең алдымен, ел иесі - қазақ халқы жауапты
16.12.2021 | 11.06
0
25
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында елдің тыныштығы мен тұрақтылығы, елдің өркендуі және ғылым саласы туралы айтты.
"Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық үшін ең алдымен, ел иесі – қазақ халқы жауапты. Осыны жете түсінетін кез келді. Біз әрдайым кеңпейіл болып, өзге этнос өкілдеріне қамқорлық танытуымыз керек. Сонда ғана берекелі бірлігімізді сақтап, тату-тәтті өмір сүреміз. Қазақстан сіздердің жасампаз еңбектеріңіздің арқасында зор жетістікке жетті. Мен осы мерейлі сәтте Тәуелсіздігімізді нығайтуға қосқан үлесі үшін дүйім жұртқа алғыс айтамын!" - деді Тоқаев жиында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы еліміздің өркендеуіне әр азамат үлес қосқанын айтып, түрлі кәсіп иелерінің еңбегін жеке-жеке атап өтті.
"Өнерпаздар әлемді мойындатып, Тәуелсіз Қазақстанды жержүзіне танытты. Спортшылар дүбірлі додаларда туымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетті. Кәсіпкерлер өндіріс орындарын ашып, жұртты жұмысқа тартты. Мұнайшылар "қара алтын" өндіріп, қазынамызды байытты. Кеншілер жер қойнауын игеріп, игілігімізді еселеді.
Мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет етіп, елдігіміздің тұғырын бекіте түсті. Құрылысшылар миллиондаған шаршы метр үй, мыңдаған шақырым жол салып, өрісімізді кеңейтті. Диқандар дән егіп, шопандар төрт түлігін өргізіп, ырысымызды көбейтті.
Әскери қызметшілер ел шебін қас қақпай күзетті. Тәртіп сақшылары тыныштығымызды, қауіпсіздігімізді қорғады. Төтенше жағдай қызметкерлері қатерден қаймықпай, талай жанды аман сақтап қалды. Зиялы қауым мәдениетімізді байытып, ғылыми әлеуетімізді арттырды.
Еліміздің өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін қосты. Барлық жетістігіміз – түрлі кәсіп иелерінің ерен еңбегінің жемісі. Ұстаздарымыз ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жаңа белеске жол ашты. Дәрігерлеріміз ұлт саулығы үшін барлық күш-жігерін салып еңбек етті", - деді Тоқаев.
Комментарии (0)