Қыста көлікпен жолда қалсаңыз, не істеу керек?
24.01.2021 | 16.18
0
119
Соңғы күндері Шығыста соққан қарлы боранның салдарынан көптеген көліктер жолда қалды. Құтқарушылардың жедел іс-қимылдарының арқасында жолаушылар қар құрсауынан дер кезінде шығарылып, жолдарын жалғастыруда. Осы ретте Төтенше жағдай қызметі алыс жолда автокөлікпен қар құрсауында қалып қойғандарға қандай кеңес береді екен? Қарапайым ережелерді біліп жүргендеріңіз жөн, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ең бірінші кезекте, қыстыгүні алыс жолға шығар алдында жаңалық порталдары мен арнайы ресурстардан ауа райы мен жолдағы көлік қозғалысы туралы біліп алу керек. Қазір арнайы қызметтер SMS-хабарламалар арқылы халықты алдын-ала ескертіп отырады.
Ал қандай да себептермен сапарға шығып кетіп, жолда тұрып қалған жағдайда адамның аяқ-қолы, беті тоңатынын есте сақтаңыздар. Санаулы минутта қатты үсік шалуы мүмкін. Сол үшін де жолға шыққанда жылы киім алып шығу керек. Жалаң қолға қар тигенде саусақтарды киімнің ішіне жылытып, құрғатқаннан кейін ғана қолғапты киеді. Алақан-білекті, аяқты қозғалтып, жаттығу жасау қажет. Сондай-ақ, бетті қатты желден қорғауға тырысыңыздар.
Бұдан бөлек, төмендегі қарапайым қауіпсіздік ережелерін біліп жүріңіздер:
- қозғалтқышты радиатор жағынан жауып, оны мүмкіндігінше жел жағына қарай қою керек;
- көліктің маңайын қардан тазартып тұру қажет;
- пешті үздіксіз қоспаңыздар;
- кабинада газдың таралуына жол бермеңіз. Газ шығатын құбырдың қармен бітеліп қалмауын қадағалаңыз;
- боран немесе қатты аязда көлігіңіз жүрмей қалса, оның үстіне, елді мекеннен алыста болсаңыз, автокөлік ішінде отыра бергеніңіз дұрыс. Телефонмен көмек сұраңыз немесе басқа көлік өткенше күтіңіз;
- көмек күтіп отырғанда ұйықтамауға тырысыңыз.
Әр автокөлікте дәнекерлегіш (паяльник), арқан, көлік доңғалағына арналған шынжыр секілді заттар міндетті түрде болуы қажет.
Құтқару қызметінің бірыңғай нөмірі - 112. Оған шығу үшін сим-картаның немесе баланстың қажеті жоқ.
Комментарии (0)