«Жаңа Қазақстан құру жолында бірге алға қадам басамыз» - Мұхтар Төлеген
19.05.2022 | 09.23
0
37
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 5 маусым күні конституциялық өзгерістер бойынша жалпыұлттық референдум өтетінін жариялаған болатын. Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген жалпыхалықтық дауыс беруге қатысты өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- Конституциялық реформаның басты мақсаты – демократияны нығайта отырып, әр азаматтың мемлекеттік маңызды істерге араласына жол ашу. Сол себепті, Ата Заңымыз Сіз бен біздің ортақ талқымыздан кейін ғана қабылданып, оған қоғам талап еткен нақты өзгерістер енгізілу көзделіп отыр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Конституцияға ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар Қазақстанның билік институттарын қалыптастырудың және өзара іс-қимылдың сапалы жаңа моделіне көшуін, жаңа саяси мәдениеттің орнығуын білдіреді. Жаңа парадигмаға сәйкес, Президенттің өкілеттігі қысқартылады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі едәуір күшейтіледі, мемлекеттік маңызды шешімдер азаматтардың тікелей қатысуымен қабылданып, құқық қорғау саласы нығайтылады.
Яғни, суперпрезиденттік басқару түрінен алыстай отырып, Жаңа Қазақстан құру жолында бірге алға қадам басамыз. Ол үшін алдағы референдумға бірге қатысып, өз көзқарасымызды танытып, әділетті қоғам жасау жолындағы саяси науқаннан тыс қалмауымыз қажет.
Жалпы, қажетті түзетулерді әзірлеуге белгілі құқықтанушы ғалымдар, соның ішінде Конституциялық сот пен кеңесте жұмыс істеген ғалымдар қатысты. Әсіресе, Конституциялық сот құру және оның жұмысын реттеу туралы ұсынысты атап өткім келеді.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі күшейтіледі. Бұл шенеуніктердің өздері қабылдайтын актілердің сапасы үшін жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, ел Президенті мемлекеттік органдар өзекті мәселелерге жедел ден қоюы тиіс екенін атап өтті. Сондықтан түзетулер Үкіметке дағдарыс жағдайында жеделдікті қамтамасыз ете отырып, ерекше актілер қабылдауға мүмкіндік береді. Қарқынды, сапалы жұмыс алда Парламентке жүктелмек. Мәжіліс пен Сенат депутаттары заң жобаларын екі палатаның бірлескен отырысында жедел қарауға тиіс.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар біздің қоғамның маңызды саяси трансформациясын іске асыруда өте маңызды рөл атқарады. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматының қатысуы маңызды, - дейді Мұхтар Төлеген Әділбекұлы.
Комментарии (0)