Шығыс Қазақстаннан тағы бір спортшы ағымдағы жылы ағылшын топырағында тойланатын жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін жолдамаға қол жеткізді. Бұл туралы облыстық ТЖД өкілдері хабарлады.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіруші-құтқарушысы Алексей Лялько Малайзия елінде өтіп жатқан Азия чемпионатында велотрек бойынша сайысқа түсіп, Корея мен Гонконг спортшыларын кейінге қалдырып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Аталған бәсекеде жерлесіміз алтын және қола медальдарды қанжығасына байлады.
Ұлыбритания астанасында өтетін дүбірлі жарысқа қатысушыларды анықтау бойынша қорытынды есеп биылғы сәуірде шығарылмақ. Алайда ел құрамасы жинаған ұпай санымен төртінші орынға нық табан тіреп тұр. Сол себепті шығысқазақстандық велошабандоздың бұл жеңісімен жолдама қалтада деуге толық негіз бар.
Естеріңізге салайық, аталған департаментте бұған дейін ешбір қызметкер жазғы Олимпиадаға қатысып көрмеген-ді.
Комментарии (0)