"Кітап бәрін үйретеді..." – фоторепортаж

Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында халықаралық балалар кітабы күніне орай «Кітап бәрін үйретеді...» атты көрме ұйымдастырылды.
Кішкентай оқырмандар ертегі кейіпкерлерімен бірге сиқырлы кітап әлеміне саяхат жасады. Көрмеде ойындар мен жұмбақтарға толы панорамалық кітаптармен қатар, қазіргі заман жазушыларының таңғажайып ертегілері, фантастикалық повестері және көңілді әңгімелері ұсынылды.
Ал электронды музыкалық киіз үй кітапхана қонақтарына қазақ халық ертегілерін әңгімеледі және қазіргі заман сазгерлерінің әндерін орындады. Балалар ертегі кейіпкерлерінің қызықты тапсырмаларын орындап, жұмбақтарын шешіп, өз тапқырлықтарын көрсетті.
Жалпы аталмыш кітапханада Балалар жылына орай бұған дейін де біршама іс-шара өткізілді. Бұл жолғы іс-шара балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу апталығы салтанатты түрде ашылуы деуге де болады. Сондықтан да кітапханаға өлкелік балалар жазушысы Кәмшат Нұғыманова мен мен облыстық «Дидар» газетінің тілшісі, жазушы Мейрамтай Иманғали келіп, жас оқырмандарға ізгі тілек айтты.
Бүгінгі іс-шараның қызық тұсының бірі мынау. Әйгілі ертегі кейіпкерлері – Мақта қыз, Толағай, Күлше қыз үшеуі Жалқаубекпен бірге балаларға түрлі ойындар ойнатып, кітап оқудың маңыздылығын түсіндірді. Кішкентай қонақтар өздерінің жаттап келген өлеңдерін айтып, әсем әнге қосыла би биледі. Үздіктер кітапхана тарапынан марапаттау қағаздарын алып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Кітап оқу өнерін насихаттаған осындай іс-шаралар апта бойына жалғасады.