KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

Өскеменде зағип жандарға арналған кинозал ашылды

30.05.2023, 10:29 346 Оразай Жеңісұлы

Облыс орталығында алғаш рет зағип жандарға арналған кинозал ашылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада бірегей жоба іске асты. Мұнда еліміздегі кітапханалар ішінен алғаш рет зағип балаларға арналған кинозал ашылды.

Ал көру қабілетінен айырылған жандар үшін мұндай қолдаудың орны бөлек. Кинозалдың ашылуына келген балалар «Невидимка» мультфильмін тамашалап, ерекше әсерге бөленді.

Ерекше жобаның авторы – кітапхана директоры. Оның айтуынша, қазір қала бойынша бір жарым мыңнан астам зағип жан бар. Соларды қоғам өміріне тартып, белсенді орта қалыптастыруға бағытталған жобаны жоспарлап, «Казцинкке» ұсынған. Өз кезегінде аталмыш кәсіпорын жаңа бастамаға қолдау көрсетіп, кітапхана залын озық техникамен жабдықтаған.

– Бүгінгі ашылған кинозалдың мүмкіндігі жоғары. Қазіргі уақытта біздің қорды сапалы контентпен толтыру мақсатында «Қазақфильммен» бірлесе жұмыс істейміз. Болашақта зағип жандарға арналған қазақ тілінде тифлокомментариленген сапалы фильмдер жасалады деген сенімдемін. Ал әзірге киносүйер қауымға тек орыстілді фильмдер мен мультфильмдерді ұсынамыз, – дейді кітапхана директоры Хабиба Ақжігітова.

Жоба қолдаушысы – «Казцинк» кәсіпорны кітапхана ішіндегі кинозалға жоғары сападағы үлкен экран мен дыбыс жазу сезімталдығы өте жоғары арнайы құрылғы сыйлаған. Мұнда зағип көрермендер үшін қойылатын киноларды тікелей дыбыстауға да мүмкіндік бар.

– Металлургтер балаларға арналған біраз жобаны іске асыруға қол ұшын созды. Бірақ бүгінгі бастама өте ерекше. Тифлокомментариленген фильмдер мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай қуаныш сыйлайтынын ойлаңызшы! Біз киноны тек жаңа бір дүниені тану үшін көрмейміз ғой. Одан энергия мен өзгеше көңіл-күй аламыз. Зағип жандардың да осындай мүмкіндікке ие болғаны бізді қуантады, – дейді «Казцинктің» әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Кинозалдың ашылу уақыты да арнайы таңдалып алынды. Балаларды қорғау күнімен орайластыра ұйымдастырылған шара жаз бойы кішкентай көрермендерін сапалы өнімдерімен қуантпақ.

– Қазір елімізде зағип балаларға арналып тифлокомментариленген қазақша мультфильмдер жоқ. Сондықтан біздің кітапхана қызметкерлері өз күштерімен мультфильмдерді дыбыстайды. Болашақта тек балаларға ғана емес, ересектерге де жағдай жасауды жоспарлап отырмыз, – дейді Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана директорының орынбасары Жанат Мауытқызы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив