Алтай Көлгінов ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шараға қатысты
Фото: primeminister.kz
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры ұйымдастырған мерекелік іс-шараға қатысты.
Балаларды қорғау күнімен құттықтай отырып, Алтай Көлгінов өскелең ұрпақты қолдаудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Республикада кәсіби асырап алушы отбасылар институтын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, балалар үйлерінде тәрбиеленушілер саны азайып келеді. Тек соңғы 10 жылда 7 мың бала өз отбасын тапты. Балалар үйлері балаларды қолдау орталықтарына айналуда, ондағы жағдай жақсарған.
Сондай-ақ 1 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдарының 100%-ын қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету жоспарланғанын атап өткен жөн: жедел басқару орталығына қосу, лицензияланған күзетті ұйымдастыру, дабыл түймелерін орнату көзделген.
Бұдан басқа республикада Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді.