ШҚО-да "Отан отбасынан басталады" атты фестиваль өтті

Өскеменде Халықаралық отбасы күніне арналған іс-шаралар басталды. Мәселен, "Этноауылдың" Солжағалау кешенінде бүгін "Отан отбасынан басталады" атты фестиваль өтті.
Ал БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 1993 жылдан бері бұл күн 15 мамырда атап өтілетіні белгілі. Отбасы күніне арналған дәстүрлі іс-шара отбасылық топтардың концертімен басталды. Сондай-ақ спорттық отбасылық эстафеталар, қолөнершілер жәрмеңкесі, түрлі ойындар мен кәдесыйлар сатылымы мерекенің сәнін одан сайын арттырды, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Өз құттықтауында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов мұндай іс-шаралар отбасылық құндылықты арттырып, осынау іс-шараға қатысушыларға жарқын эмоциялар сыйлайтынын, ал жанұядағы татулық, сыйластық мемлекеттің тұрақтылығына байланысты екенін атап өтті.
Өз кезегінде, фестиваль қонақтары мен қатысушылары осындай шарадан кейін ерекше көңіл-күйде жүретінін, ұмытылмас сәттер сыйлайтынын жеткізді.
- "Отан отбасынан басталады" деп бекер айтылмаса керекті. Өйткені мықты отбасы - елдегі береке-бірліктің бастауы емес пе. Ал осындай шаралар отбасылық құндылықты сақтап, жанұядағы татулықты, бірлікті арттыратыны сөзсіз, - деді фестивальға қатысушы Қуаныш Еркін.
Келушілердің назары Өскемендегі көркемсурет мектебінің шәкірттері салған картиналарға ауды. Балалар өз жұмыстарында отбасылық құндылықтарды, отбасы бейнесін, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен қамқорлықты қылқалам арқылы суреттей білген.
Естеріңізге сала кетейік, Отбасы күні аясында өңірде "Шығыстың үздік отбасы" және "Қыз - ұлттың болашағы" байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталмақ.