ШҚО-ға жұмыс сапарымен экология министрі келді

Шығыс Қазақстан облысына экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында министр Риддер қаласына барып, жергілікті халықпен кездесті. Сондай-ақ жеке қабылдау да өткізді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Кездесуде министрге Риддер қаласының дендросаябағына қатысты сұрақ қойылды. Естеріңізде болса, дедропарк аумағында мектеп салу жоспарланған еді. Тұрғындар білім мекемесін басқа жерге салуды өтінді.
– Менің ойымша, бұл саябақты әлі де сақтау керек. Қайтадан ағаш отырғызуға біршама уақыт керек. Мен әкімдіктен Бас жоспарды қайта қарап, жұртшылық пен халықтың пікірін ескере отырып пысықтауды сұрар едім, – деді Зүлфия Сүлейменова.
Дегенмен мектеп салып, аумақты абаттандыру туралы ұсынысты қолдағандар да болды. Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қосантаев құрылыс алаңы деп таңдалған аумақта өсіп тұрған ағаштардың жойылмайтынын, тек жақын маңға отырғызылатынын атап өтті.