Риддерліктер мәйітхана жұмысына неліктен шағымданды?

шартты сурет
Риддер қаласының тұрғындары әлеуметтік желіде мәйітхана жұмысына шағымданды.
Олар мәйіттерді ашу процедурасы жергілікті мекемеде емес, облыс орталығында жүргізілетінін, соның салдарынан жергілікті халық көпе-көрнеу шығынға ұшырап отырғанын айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл шағымға облыстық денсаулық сақтау басқармасы жауап берді.
«Риддерде екі бірдей ведомство бір ғимаратта орналасқан. Атап айтқанда, Риддер патологоанатомиялық бюросының бөлімшесі мен сот-медициналық сараптама орталығының филиалы. Патологоанатомиялық бюро штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Онда зорлық-зомбылықтан көз жұмды деген күдікке ілінбеген адамдардың мәйіті жатқызылады. Сол жерден мәйіт ешқайда апарылмайды, оны ашу тегін жүргізіледі», деді ведомство өкілдері.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, мәйіт қылмыстық сипат байқалған жағдайда сот-медициналық сараптама орталығына жөнелтіледі.
«Риддердегі бұл орталық Өскеменде орналасқан бас орталықтың бөлімшесі болғандықтан, мәйіттерді Өскемен қаласына жеткізу керек», деп түсіндірді ведомство өкілдері.