KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 6 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыратын қойылым – ШҚО

Фото: gov.kz

31.05.2023, 19:16 2 459 Айна Ескенқызы

ШҚО драма театрында Рақымжан Отарбайдың «Көлеңке» эксперименттік драмасы қойылды. Қоюшы-режиссер – Дос Құбаш.

Шараны мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдастырды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

– Бұл бастама Үкіметтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында ақпараттық жұмыс жүргізу туралы қаулысын орындау аясында ұйымдастырылды. Осы спектакльді көріп, әріптестеріміз отбасы құндылықтары, парасаттылық пен адалдық туралы ойланады деп үміттенеміз, – деп атап өтті облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев.

Қойылымға келетін болсақ, автор өз туындысында «бармақ басты, көз қысты» қылмыстарының элементтері, жастар санасының теріс діни ағымдармен улануы, отбасы құндылықтарының құнсыздануы, тендер ұтып алудағы заңсыздықтар, есірткі саудасы сияқты қоғамда болып жатқан жағымсыз оқиғалардың бір жанұяның шаңырағын қалай шайқалтқанын көрсетуге тырысқан.

Бәрі еркетотай кенже қыздарының демалысқа барам деп жолға өз көлігімен шыққанынан басталады. Жол апатына түскен бойжеткен ірі көлемде есірткі әкетіп бара жатқандардың көлігіне соқтығысқан. Оқиға осы жерден шиелене түседі. Бір ғана апат сырт көзге шалқып-тасып, айрандай ұйып отырғандай көрінетін әулеттің ауызбіршілігі жоқтығын, отбасы құндылықтарынан жұрдай екенін әшкерелеп береді. Заңсыз жолмен миллиондаған теңгенің тендерін ұтып жүрген ағасы қарындасының жағдайын ойламай, бас сауғалап, шетелге қашып кетеді. Теріс діни ағымның жетегінде кеткен тағы бір ұлы мен келіні жұмақ өмірге сеніп, Сириядағы от пен соғыстың арасынан бір-ақ шығады. Күш-қайраты кеткен байғұс ата-ана ғана қыздарының тілеуін тілеп, шақша бастарын тауға да, тасқа да ұрып жүрген. Осы жерде көрермен анда-санда көрініп қалған «көлеңкені» байқайды. Тергеу барысында қаншама заңсыздықтарға жол беріп жүрген парақор тергеушінің өзі осы «көлеңкеден» жасқанады. Бұл осы күрделі істі жеке бақылауына алған, шеннің абыройын сатпаған, қол астындағы қызметкерлерінің әр ісінен хабардар болып отырған генералдың «көлеңкесі» еді. Автор туындысында қоғамның дертін әшкерелеп қана қоймай, көрерменге өмірде әділдік жеңеді деген үміт сыйлағысы келеді. Осылайша, спектакль соңында адал полиция қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында қылмыскерлер ұсталып, әділдік орнайды.

– Біз сахнадан көрген бір отбасында болған келеңсіздікті, одан құтылудың жолын іздеп, шарқ ұрған отбасы мүшелері, заңсыздық пен жемқорлық элементтері, осыған ұқсас жағдайларды күнделікті өмірден кездестіріп жатамыз. Қойылымда көрсетілген сыбайлас жемқорлық, заңсыз әрекеттер әріптестерімізге ой салады, адал қызмет атқаруға жетелейді деп сенемін. Осындай шараны ұйымдастырған облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке алғыс айтамын, – дейді көрермендердің бірі, облыстық төтенше жағдайлар департаменті өзіндік қауіпсіздік тобының жетекшісі Аманкелді Еңсегенов.

– Біз бүгін әріптестерімізбен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тамаша спектакльді тамашаладық. Қойылымның тақырыбы мен атқарар жүгі қоғамымыз үшін өте өзекті. Көрініс мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, кез келген адамға үлкен ой салады, – деген пікірін білдірді облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Жанна Құсайынова.

Кеш соңында мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік туралы жадынамалар таратылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив