KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 1,9 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

АЭС-ке арналған отын Қытайға жіберілді – ШҚО

2.06.2023, 19:14 272 ALTAINEWS

ШҚО зауытынан АЭС-ке арналған отынның екінші партиясы Қытайға жіберілді.

"Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов делегация құрамында Шығыс Қазақстанның өндірістік нысандарын аралады, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты ШҚО Ақпарат орталығына сілтеме жасап. 

Өскемендегі Үлбі металлургия зауытына келгендерге Қытайдағы АЭС үшін жылу бөлетін құрастырмалардың екінші партиясы жөнелтіліп жатқаны айтылды.

 

  – ҮМЗ – ШҚО-дағы ең көне және маңызды кәсіпорындардың бірі. Келер жылы зауыт 75 жылдығын атап өтпек. Мұнда сирек кездесетін тантал, бериллий металдары, сондай-ақ ниобий мен олардың қорытпалары өндіріледі. Сонымен қатар мұнда біз қытайлық атом электр станцияларына жеткізілетін француз технологиясы бойынша ТВС өндіріледі. Бұл – жоғары құзыреттіліктің, жоғары ғылыми технологиялардың көрінісі, – деді "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов.

"ҮМЗ" АҚ базасында "Үлбі-ТВС" Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны 2021 жылдың қараша айында ашылды. Зауыт құрылысына Қытай, Франция, Германия және АҚШ өндіретін жоғары технологиялық жабдықтар пайдаланылды. Отынның алғашқы партиясы Аспанасты еліне 2022 жылдың соңында жіберілді. Жақында зауыт ТВС-тің екінші партиясын жөнелтті. Ол қазірдің өзінде Қытайға жеткізілді. Нұрлан Жақыпов атап өткендей, Қытай тарапы Қазақстанмен қарым-қатынасқа үлкен мән береді және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын. Бұл туралы ҚХР-дағы Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары аясындағы іскерлік келіссөздер барысында айтылды.

Жалпы, "ҮМЗ" АҚ өнімдері атом, авиация, зымыран және ғарыш техникасында, электроникада, медицинада, аспап жасауда, ғылымда және басқа да көптеген салаларда қолданылады. Ол АҚШ, Еуропа, Жапония, Қытай, Оңтүстік-шығыс Азия және ТМД елдеріне жеткізіледі. 2019 жылдан бастап мұнда МАГАТЭ-нің әлемдегі жалғыз Төмен байытылған уран банкі жұмыс істейді. Бұл ядролық отын өндіруге жарамды 90 тоннаға жуық төмен байытылған уран.

– Мұнда ТБУ банкін орналастыру Қазақстанға, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ мен "Самұрық-Қазына" АҚ-ға әлемдік қоғамдастық тарапынан үлкен сенім болып табылады. Біз бейбіт саясатты ұстанамыз, біз бейбіт атомды қолдаймыз, сондықтан "ҮМЗ" АҚ аумағында МАГАТЭ қамқорлығымен Төмен байытылған уран банкі орналасқан, – деп толықтырды Н.Жақыпов.

Сондай-ақ жұмыс сапары аясында делегация "Қазцинк" ЖШС жұмысымен танысып, онда мырыш, қорғасын зауыттары мен бағалы металдар өндіретін зауытқа барды. Холдинг төрағасы кәсіпорынды Қазақстан металлургиясының інжу-маржаны деп атады.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив