KZ
Өскемен
+17°
переменная облачность жел 1 м/с, С
443.44 480.51 4.88

Шығыстың қос қаламгеріне арналған шығармашылық кеш өтті

27.01.2024, 09:00 177 Қызырбек Дүргінбайұлы

Биыл шығыс жұрты қос қаламгерінің мерейтойын тойлайды.

Осы жылы қаламы қарымды жазушы Мүсілім Құмарбековтің 85 жылдық, өлкесін өлеңмен өрнектеп кеткен ақын Ғалым Байбатыровтың 75 жылдық мерейтойы. Қаламгерлердің мерейтойына арналған ағашқы шаралар легі басталып та кетті. Пушкин атындағы облыстық кітапханада әдеби сазды кеш өтіп, көпшілікке көрме ұсынылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Ең әуелі Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен этнографиялық музей қызметкерлерінің қаламгерлер шығармашылығына арнап ұйымдастырған көрмесі кеш қонақтарының көңілінен шығып, өткен өмірдің өрнектерін еске салды. Көрмені тамашалаған жұрт арғы-бергі жылдардың жылнамасынан сыр шертті.

– Мүсілім Құмарбеков Алтай өңірінің табиғаты мен жан-жануарлар дүниесін, адам-пенденің табиғи ортадағы орнын, табиғат атты тылсым дүниенің алдындағы парызы мен қарызын айқындайтын шығармаларымен танымал. Ал  Ғалым ағамыздың шығармашылық жолы өзі туып өскен Дайыр ауылында қаланған. Бірнеше топтама жыр жинақтарының, драмалық шығармалардың, тарихи еңбектердің авторы. Ақынның өлеңдері 1966 ж. бастап баспасөз беттерінде жарияланды. Ғалым ағаның бірнеше өлеңіне жергілікті сазгерлер ән жазған. Әсіресе, «Өскеменім» әні жергілікті жұрт арасында кеңінен таралған, – дейді кітапхана қызметкері Гүлбаршын Тілегенқызы.

 

Әдеби кешке жергілікті ақын-жазушылар мен оқырман қауым қатысып, қаламгерлердің шығармашылығы туралы ой толғады. Шара барысында ҚР «Мәдениет қайраткері», актриса Майра Қаламқызының орындауында Ғалым Байбатыровтың сөзіне жазылған әндер орындалды. Ал Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық  гимназия интернатының оқушылары Ғалым ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жұртты сүйсінтті.

 

Айта кетейік, белгілі жазушы Мүсілім Құмарбекұлының «Қыз күлкісі», «Шынар» атты әңгімелер жинағы, «Асау Ертіс», «Тырналар керуені», «Алтайдың ардагері» атты очерктері, «Жастық жағалауы» повестер жинағы, «Алтайым – алтын бесігім» атты туындылары оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген.  Ал ақын, драматург Ғалым Байбатыровтың да бірнеше кітабы жарық көрген. Автордың «Өңім бе, ойбай түсім бе», «Албасты операциясы»,  «Отан үшін» пьесалары облыстық Жамбыл атындағы драма театрының сахнасында қойылған.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив