KZ
Өскемен
+5°
переменная облачность жел 3 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

Екатерина Бейсембаева: «Мемлекеттік тіл – менің тілім»

11.04.2023, 15:02 4 939 ALTAINEWS

Өңірімізде мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері жетерлік. Солардың бірі – Бейсембаева Екатерина Николаевна.

Екатерина Абай облысының Бесқарағай ауданында дүниеге келген, қазір Шемонаиха ауданында тұрып жатыр. Қазақтың дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп жүрген өнерлі жастың бірі, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.

– Марқұм әкем мені қазақ мектебіне оқуға берді. Жасыратыны жоқ, басында қиын болды. «Бармаймын, қиын» деп жылайтын едім. Бірақ әкем әрқашан: «Оқыңдар, ертең өздеріңе керек болады, қазақ тілін білсеңдер ешкімнен кем болмайсыңдар», – деп бізді әркез жұбататын. Менің апайым мен сіңілім бар, олар да мен секілді Березовка орта мектебін бітірді. Мен әкеме әлі күнге дейін алғыс айтамын. Мемлекеттік тілді білген адам, шынымен де, ешқашан кем болмайды. Менің ұлтым орыс болғанымен, жүрегім қазақ. Қазіргі таңда мен көптеген этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан киелі Шемонаиха жерінде тұрамын, –  дейді Екатерина Бейсембаева.

– Екатерина, мемлекеттік тілге деген көзқарасыңыз қандай?

–  Жаңа ғана айттым ғой, мемлекеттік тілді білген адам кем болмайды. Сондықтан менің мемлекеттік тілге деген құрметім ерекше. Сол сияқты елін, жерін сүйген еліміздің әр азаматының қазақ тіліне деген құрметі ерекше болуы керек. Себебі қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілін дәріптей отырып, мен көптеген облыстық, республикалық байқауларға қатыстым. Ұлы Абай атамыздың өлеңдерін, қара сөздерін оқып, өнеге, тәлім-тәрбие алып, өзімді алға қарай жетелеудемін.

– Қай салада жұмыс істейсіз, сол жайлы айтып өтсеңіз?

– Мен 2017 жылдан бері Шемонаиха аудандық мәдениет үйінде әртіспін. Киелі сахнада қазақ өнерін халыққа паш етемін. Менің репертуарымда көптеген қазақ әндері бар. Десе де Гүлмира Сарина орындайтын «Шығысым –  шырайлы елім» әні жаныма ерекше жақын. Шынында да, әлемде Шығысымыздай жер жоқ. Шығысымыз көркейе берсін! Тіліміз тұғырлы боп, көк байрағымыз мәңгі желбірей берсін деп тілеймін!

 

Автор: Мейрам Екпін

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив