KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 7 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Қарапайым ауыл өмірін салғаннан ләззат аламын – Ержан Тұрғанбаев

25.04.2023, 18:28 1 843 Ләззат Қанатқызы

Суретші Ержан Тұрғанбаев 1971 жылы қазіргі Күршім ауданы Боран ауылында дүниеге келген. Қылқаламды жанына серік еткен суретшінің туындыларын тамашаласаңыз, азан-қазан қайнап жатқан ауыл өміріне қанық боласыз. Талай туындының авторы әдемі табиғатты, тарихта қалған батырларды немесе қаланың әдемі жерлерін бейнелегеннен гөрі ауылдың қарапайым өмірін салғаннан ләззат алады.

– Көбіне ауыл көріністерін саламын, – деп бастады өнер иесі өз әңгімесін. – Қарапайымдылық, қора-қопсы, тіршілік жасап жүрген адамдардан сұлулық көремін. Боран ауылына барғанда сөмкемді асынып алып, ауылды аралап, Қара Ертістің бойымен жүріп этюд жазатынмын. Сосын кез келген ауыл көрінісін бейнелегенде саты ағашты салатын әдетім бар. Бала кезімнен ауылда өскендіктен бе, әлі де ауылды сүйемін, – дейді суретші.

Еңселі үйінің екінші қабатында орналасқан шеберханаға кірген сәттен-ақ суретші ауылдан көшсе де, ауыл суретшіден көшпегеніне куә боласың. Қай-қайсы шығармасынан болмасын тіршілікті сезінуге болады. Өзінің айтуынша, үйді салса, жарық жанып тұрғанын, моншадан түтін шығып жатқанын немесе адам жүргенін бейнелейді. Ол  – тіршіліктің бар екенінің белгісі.

 

Шеберханадағы түрлі түсті суреттер арасынан абстракциялы картиналарды да көзіміз шалды. Ержан Тұрғанбаев әу баста ондай картиналарды мүлде түсінбегенін жасырмайды. Алайда уақыт өте келе қызығушылығы оянған.

– Абстракциялы картиналарды бір күнде салып шығуың да, апталап созып жүруің де мүмкін. Ол адамның ішкі бейнесін, көңіл күйін білдіреді. Мәселен, бір суретті бастағанда менің көңіл-күйім жақсы, жайдары болып, бірақ уақыт өте ішкі күйім өзгереді немесе уақытым болмай қалады. Ондай жағдайларда батпаққа батқан көлік сияқты бір орында тұрып қаласың. Біраз уақыттан кейін сол баяғы сезімді бастан өткергенде суретті ары қарай жалғастырасың. Бір сөзбен айтқанда, суретті бастағандағы мақсатың, сезімің мүлде басқа болып, аяқтағанда басқаша, кереғар болуы әбден мүмкін, – деп түсіндіреді өзі.

Өзі айтқандай, ішкі сезімі, көңіл-күйі өзгерген сәттерде суретші құралдарын құшақтап алып табиғат аясына шығып, этюд салғанды ұнатады екен. Тіпті өзі жалғыз жиі баратын орынға әріптестері «Ержанның төбесі» деп ат қойыпты.

– Өмір болған соң тіршілік етуің керек. Қолың босамайды, жұмыстан шаршайсың. Кей сәттер болады, уақытың бар, бірақ сурет салатын ой, ниет жоқ. Сондай кездерде мен табиғат аясына немесе ауылға барғанды ұнатамын. Этюд салғанда бар дүниені көзіңмен көріп, ауасын иіскеп, реңін көріп, өзінше бір рахат аласың. Еркіндікті сезініп, тынысың ашылады. Мен мыңға жуық этюд салдым. Шеберханамда сақталып тұр. Күленов кентіндегі таулардың етегінде бір төбешік бар. Көбінесе сол жерге жалғыз барып этюд саламын. Кейде жас суретшілерді шақырамын. Құдаш ағамыз (Нұрсадықов) сол жерге «Ержанның төбесі» деп ат қойған, – деп күледі.

Қазір Ержан ағамыздың суреттерін роликтер мен кітаптардан кездестіруіңіз мүмкін. Бір қызығы, ол үшін шығарма авторынан ешкім рұқсат алмайтын көрінеді. «Шығарып жатқандарына тәубе, маған зияны тиіп жатқан жоқ, қазақпыз ғой», – дейді өзі.

 

Осындай мықты еңбектердің авторына бір кездері кәсіби суретші болу қол жетпес арман көрініпті. Өз естелігімен бөлісіп отырғанда суретшінің анасына деген ықыласын, ерекше ризашылығын көзінен көресің, сезінесің. Себебі Тұрғанбаевтың мықты суретші болуына анасы өте көп ықпал еткен.

  – Мен төрт рет оқуға түсе алмадым. Сегізінші сыныптан кейін Н.Го­голь атындағы Суретшілер учи­­ли­ще­сіне бардым. Ол кезде деңгей де, білім де басқа болды. Оқуға түсу де қиынның қиыны еді. Бірінші күні сурет және кескін­демеден, екінші күні композициядан сынақ тапсырдық. Мен композициядан өте алмадым. Тоғызыншы сыныптан кейін тағы барып, қайта «құладым». Оныншы сыныптан соң барғанда «бір жылдан кейін әскерге алып кетеді» деп жайдан-жай «ұшырып» жіберді. Сосын құжаттарымды алып қазіргі Абай атындағы Қазақ педагогика­лық институтына тапсырдым. Емтиханды жақсы тапсырсам да, конкурстан тағы да өтпей қалдым. Солай, басым салбырап ауылға қайтып, мектепке жұмысқа тұрдым. Келесі жылы анама тағы оқуға баратынымды айттым. Қарсы болған жоқ, бірақ «Алматыға емес, Семейге барсаң қайтеді?» деді. Сөйтіп, Семей педа­гогикалық институтына барып, көр­кемсурет факультетіне оқуға түстім. Ол сезімді енді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазір ойлаймын, анам бетімнен қақпай, әр жылы мені оқуға тапсыртуға еріп барып жүрмегенде, мені қолдамағанда менде ондай талпыныс болмаушы еді, – деп еске алады.

  Оқуын жақсы аяқтағанымен, сол жылдары студент атанған екі қарындасы мен бауырының қамын ойлап, жас суретші ауылға қайтады. Мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрады. Арасында балық аулауға барып жүріп, сол кезде де өнерін тастамай, су жағасында отырып алып қарындашпен сурет салатын көрінеді.

  – Сондай күндердің бірінде ауылда жаңа ай туды. Дала жап-жарық. Қыстың ортасы болатын. Қағаз-қаламымды құшақтап алып Ертістің арғы жағына бардым. Оның өзі көлемі 500 метрдей болады ғой. Алдында қасқырлар бар деп естіп жүретінбіз. Соны ойламаппын да, тоғайлардың арасына кіріп алып, сурет салып отырғанда қасқырлар ұлып жүргенін естідім. Сонда қорқыныш болмапты менде, – дейді суретші.

  Қазір суретші асқақ армандарына қол жеткізуге себепші болған Семей қаласы мен Өскеменде өз көрмесін өткізуді жоспарлап жүр.  




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив