KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Хамит Жамалиұлы: "Мен аудандағы әрбір бұлақ, су құбыры, монша, амбулатория, аурухананың санитарлық жағдайын білдім"

3.09.2021, 16:51 681

Тәуелсіздік жылдары еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметте, оның ішінде Шығыс Қазақстандағы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жолындағы қандай жұмыстар атқарылды?

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде көп жылдар бойы қызмет еткен, осы саланың ардагері Хамит Елубаев Жамалиұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

 

Елубаев Хамит Жамалиұлы – «Құрмет» орденінің кавалері, жоғары санатты дәрігер, «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгілерімен, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығына» медалімен марапатталған зейнеткер.

1980 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «санитариялық дәрігер, дәрігер-эпидемиолог» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол жылы сол мамандықты бітірген жұбайы Салтанат Кунафияновна екеуі институттың жолдамасы бойынша Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына жұмыс істеуге келеді.

1980 жылдың тамыз айынан 2011 жылдың маусым айына дейін қазіргі Ұлан аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында қызмет етеді. 1985-2011 жылдар аралығында Ұлан ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері лауазымында қызмет атқарған. 2011 жылдан бастап 2021 жылғы тамыз айына дейін Департаментте «Аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезды эпидемиологиялық қадағалау» бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

Тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі екі кезеңді де бастан өткерген Хамит Елубаев санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің «майын ішіп, жілігін шаққан» адам десек артық болмас. 

   

-   Хамит Жамалиұлы, не үшін санитарлық қызметті таңдадыңыз?

- Таңдауым осы мамандыққа түсті, өйткені бұл мамандық өте жоғары бағаланды және жақсы беделге ие болды. Сол кездерде Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитарлық-гигиеналық факультеті жыл сайын 250-ден астам дипломды мамандар даярлады. Коммуналдық гигиена бойынша санитарлық дәрігер болып жұмыс істей отырып, мен сумен жабдықтау объектілерінде, емдеу-алдын алу мекемелерінде, қоғамдық моншаларда, демалыс базаларында санитарлық талаптардың сақталуына санитарлық қадағалауды қамтамасыз еттім, санитарлық тазалау мәселелерімен және т.б. айналыстым.

-      Жұмысыңыз несімен қызықтырды?

-      Жұмысым өте қызықты болды, мен аудан аумағындағы әр бұлақтың, су құбырының, моншаның, амбулаторияның және аурухананың санитарлық жағдайын білдім. Санитарлық дәрігерлер сеніп тапсырылған аумақта санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ете отырып, оларға жас мамандар ретінде мемлекет жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайларды жасады, баспанамен қамтамасыз етті. Оның үстіне Ұлан аудандық санэпидстанциясының ұжымы өте тату болды. Сол кезде санитариялық дәрігер Л.П. Сыдықов, эпидемиологтың көмекшілері М.С. Долбиева, В.Е. Сыркина, Л.И. Кисляков біздің білікті маман ретінде қалыптасуымызға үлкен көмек көрсетті.   

  Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласын қалай дамыды?

- Маған Ұлан аудандық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңінде тәуелсіз ҚР Бірінші Жоғарғы Кеңесі депутаттарының, Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қатысу сәті бұйырды.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Емдеу және алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, профилактикалық медицинаны дамыту, бастапқы медико-санитарлық көмекті жетілдіру, ана мен бала денсаулығын қорғау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және олардың орындалуын бақылау бағытында кешенді шаралар қолға алынды.

-  Ауданда жұмыс істегенде қандай қауіпті індеттер болды?

- Сексенінші жылдары Шығыс Қазақстан облысының аумағында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысының арқасында жергілікті атқарушы билікпен өзара іс-қимылда эпидемиологиялық салауаттылық сақталды. Маған Ұлан ауданының аумағында кене энцефалитінің, күйдіргінің, бруцеллездің, дифтерияның спорадиялық (бір-екі) ошақтарын, безгектің әкеліну жағдайларын оқшаулау және жою бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тура келді.

- Пандемия басталғалы ең ауыр жүк санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мойнына түсті деуге болады. Сол туралы не айтар едіңіз?

- Пандемияға дейін біз тіркеу кезінде облыстың шектеулі аумағында аса қауіпті инфекциялардың (сібір жарасы, туляремия, дифтерия және басқалары) сирек ошақтарын оқшаулау және жою бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды толық көлемде жүргізетінбіз. 2020 жылы облыстың барлық аумағында КВИ ошақтары бір мезетте пайда болған коронавирустық инфекция пандемиясы басталғанда температураны өлшеуге арналған пирометрлермен, медицина қызметкерлері мен санитариялық қызмет қызметкерлерінің жеке қорғаныш құралдарымен (ЖҚҚ), стационарларды инфекциялық төсектерімен, ӨЖЖ аппараттарымен жабдықтау бойынша қиындықтар туындағаны рас.

Қазіргі уақытта коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және КВИ-мен ауырғандар арасында өлім болдырмау, сондай-ақ науқастардың ауыр жағдайларының санын төмендету бағытында шаралар қабылдануда.

Сондай-ақ, елордадағы біздің қызметті тікелей қадағалайтын және жұмысымызды үйлестіруші Комитет аудандағы, қаладағы халықпен тікелей жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлерге материалдық көмек беріп, жұмыс істеуге барынша жағдай жасауда. Мысалы, былтыр тамыз айында Комитеттің орталықтандырылған сатып алу қызметі негізінде Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне, оның ішінде 10 ауданға су жаңа 10 ВАЗ-2121 «Нива» қызметтік көліктері берілді. Қауіпті індетті ауыздықтауда күні-түні алыс-жақын жолға шығып, барынша уақыт ұтуға тырысатын санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары үшін жол талғамайтын көліктер үлкен көмек болды.

Індетпен күрес шараларында жұмыс жасап жатқан қызметкерлер пандемия басталғалы бері демалыссыз алдыңғы шепте жұмыс істеп келе жатқаны баршаға мәлім. Қазір осы мамандарға жалақыдан бөлек үстемақы берілуде, өйткені тәулік бойы үздіксіз режимде жағдайды бақылауда ұстау оңай емес, қосымша күш пен уақытты талап етеді, сондықтан мамандардың еңбегі бағалануда деп ойлаймын.

-  Пандемия кезінде сіздердің қызметтеріңіз қаншалықты қажетті болды?

- Пандемия кезінде эпидемиологтар мен санитариялық дәрігерлерге жүктеме бірнеше есе өсті. Жарияланған төтенше жағдай жағдайында және қазіргі уақытта санитарлық қызмет қызметкерлері өз қызметін халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және шектеу шаралары, карантиннен шығу бойынша жүзеге асыруда. Аудандық және облыстық деңгейдегі мамандардың ұйымшыл жұмысының, қайсарлық пен табандылықтың арқасында соңғы апталарда эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша облыс «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өтті. Облыстың бірқатар эпидемиологтары мен санитарлық дәрігерлері короновируспен ауырып, содан кейін вируспен күресу үшін қайтадан қатарға қосылды. Өкінішке орай, қауіпті індет біздің әріптестерден айналып өтпеді. 2020 жылы коронавирус ошақтарында эпидемияға қарсы жұмыстарды жүргізу кезінде Шемонаиха ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері В.В. Поповты құтқару мүмкін болмады.

- Қазір қазақстандықтарды толғандыратын басты мәселе – біз бұрынғы өмір салтына қашан орала аламыз? Өз болжамдарыңызбен бөліссеңіз...

- болжаммен қарайтын болсақ, егер халық пен бизнес субъектілері барлық шектеу іс-шараларын сақтаса, вакцина алып, ұжымдық иммунитетті қалыптастырса, халықаралық рейстер арқылы КВИ әкелінуінің алдын алу бойынша қатаң бақылау жүргізсе, бұрынғы өмір салтына 2022 жылдың 1 тоқсанынан ерте оралуға болады деп ойлаймын.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды осы жылғы ерекше мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Тәуелсіздіктің арқасында іске асып жатқан игі шаралар көп. Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы, келешегіміз кемел болсын, Қазақ елі! Баршаңызға қажымас күш, күш, мықты денсаулық тілеймін...

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив