KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
448.89 477.93 4.76

ШҚО-ның балықшылары Қытай нарығына шықпақшы

Шартты сурет

14.03.2023, 20:05 173

Шығыстың балықшылары Қытай нарығына шығудың амалдарын қарастырып жатыр.

Балық аулайтын учаскелерін тағы бес жылға бекітіп алған байтоғастық балықшылар биыл жұмысты тың серпінмен бастады, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.

«Байтоғас» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Болатхан Асылхановтың айтуынша, қоян жылы тарбағатайлық балықшылар үшін жаман басталмаған сыңайлы. Бірінші кезекте, аталған ұйым осыған дейін балық аулап келген учаскелерінің жалға алу мерзімін тағы бес жылға бекіттіріп, көл байлығымен нәпақа тауып жүрген балықшыларға еңбек етуге мүмкіндік сыйлады.

– Өткен жылы өзімізде кішігірім балық өңдейтін цех ашып, Ресей нарығына шыққан едік. Табысымыз жаман болған жоқ. Бірақ күзге қарай көрші елде мобилизация басталып, ол жақтың жұмысшыларының барлығы жан-жаққа кетті. Сол кезде жұмысымыз тоқтап қалды. Енді ол жақ тынышталған кезде жұмысымыз қайта жандана ма деген үміттеміз. Дегенмен қазір қол қусырып отырмай Қытай нарығына шығудың амалдарын қарастырып жатырмыз. Талаптары мен стандарттары біздікінен әлдеқайда қиын ол елге өз өнімдерімізді сатудың заңды тетіктерін іздестірудеміз, – дейді Болатхан Асылханов.

Тұтынушылары ұшан-теңіз аспан асты елінің нарығына шығуды көздеген тарбағатайлық балықшылар осылайша отандық өнімді өзге елдерге танымал етуді көздеп отыр. Сонымен қатар сұранысы жоғары нарық өз кезегінде байтоғастықтардың жұмыспен қамтылу көрсеткішін де жақсартып, табыстарын арттыратыны сөзсіз.

Бұдан бөлек балықты аулап қана қоймай, көл байлығының молаюы бағытындағы жұмыстарды да қатар жүргізетін ауыл шаруашылығы кооперативі биыл да жоспарға сай осы бағытта бірқатар жұмыс жүргізбек. Осындай жұмыстың бірі Қара Ертістің мұзын ойып, судағы оттегі қорын молайту.

– Қазіргі уақытта қар мен мұз астындағы суда оттегінің азайып кететіні белгілі ғой. Міне осы кезде судағы балық тұншығып, қырылып қалуы мүмкін. Осындай жағдайды болдырмас үшін аэрация жұмыстарын жүргіземіз. Ол үшін кооперативтің адамдары мұзды ойып, оларға қамыс шаншимыз. Осылайша, судың оттегімен толығуын қамтамасыз етеміз, – деп қосты Болатхан Асылханов.

Жалпы, жыл сайын ақпан айынан басталатын бұл шараға «Байтоғас» ауыл шаруашылығы кооперативінің ұжымы мен инспекторлардан бөлек, ауыл-аймақ тұрғындарынан құралған еріктілер де жұмылады.

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив