KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 2 м/с, С
446.49 475.38 4.79

ШҚО-да шаруаларды қолдау шаралары жалғасады

26.03.2023, 09:00 288

Биыл ШҚО-ның агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялауға 24,5 млрд теңге бөлінді.

 Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары биыл да жалғасын табатын көрінеді, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.

Атап айтсақ, агроөнеркәсіптік кешен нысандары үшін жеңілдетілген салық режимін енгізу, субсидиялар беру, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген несиелер беру сияқты жұмыстар биыл да қолға алынады.

– Ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын, қайта өңдеу саласын, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің инвестициялық қызметін дамытуды субсидиялаудың бюджеттік бағдарламаларын іске асыруда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарова. – Бұдан басқа мемлекет жыл сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге арзандатылған дизель отынын бөледі.

Жауапты тұлғаның айтуынша, былтыр облыстағы шаруаларға субсидиялау бағдарламалары шеңберінде 23,7 млрд теңге субсидия төленген екен. Аталған көлемнің 3,9 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталса, 4,3 млрд теңгесі мал шаруашылығына жұмсалған. Ал қолдау қаражатының қалған бөлігі инвестициялық субсидиялау, қайта өңдеу саласын дамыту, несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мен басқа да салаларға бағытталған екен. Бұдан бөлек өткен жылы Аграрлық кредиттік корпорацияның облыстық филиалы өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 19,5 млрд теңге несие берсе, «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамының филиалы 5,2 млрд теңгеге 244 ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы берген.

– Мемлекеттік қолдау шаралары саланың дамуына серпін берді. Атап айтсам, былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 527,3 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылғы деңгейге қарағанда 118,6 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына құйылған инвестициялар 69,1 млрд теңгеге, ал азық-түлік өндірісіне инвестиция 22 млрд теңгеге жетті, – дейді Диляра Жылқайдарова.

Биыл өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды қолдау мақсатында 24,5 млрд теңге қолдау қаражаты қарастырылатыны белгілі болды Оның ішінде өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, инвестициялық субсидиялау, кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау сынды бағыттар да назардан тыс қалмайтын сыңайлы. Сонымен қатар облыс бойынша 27,9 млрд теңге көлемінде субсидияға қосымша қажеттілік бар екендігі анықталып, мәселені шешу үшін облыстық басқарма еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне бюджеттік өтінім жолдады.

Оған қоса, ағымдағы жылы көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізу және бес мың тонна жем дайындау үшін Павлодар мұнай өңдеу зауытынан 20 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Осылайша, аталған көлемдер облыс фермерлерінің қажеттілігін толығымен жаппақ.

Сондай-ақ аймақтың ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржыландыру үшін Аграрлық кредиттік корпорацияның облыстық филиалы арқылы 8 млрд теңге кредит қаражаты, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 2 млрд теңге қаражат беру жоспарланған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив